RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарлық оқушы ерекше робот құрастырды

02.03.2026, 22:43 41

Павлодарлық оқушы ластанған өзен-көлдерді тазартуға арналған роботтың үлгісін жасап шығарды. Құрылғы судың бетімен сырғанап жүретін, маса тәріздес жәндікке ұқсас құрастырылған. 

Әділ Ағынтаев жетекшісі Анна Сүлеймановамен бірге алдымен құрылғының 3D макетін әзірлеген. Кейін шағын робот құрастырады. Жасанды зерде алгоритмдеріне негізделген құрылғы су құрамындағы зиянды қалдықтар мен қоспалардың түрін автоматты түрде анықтап, олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жиналған деректерге талдау жасайды. Интеллектуалды жоба экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.

Әділ Ағынтаев, 8 лицей-мектебінің оқушысы

- Бұл робот су бетіне қалқып шығатын мұнайды жинайтын болады. Біз жобаны жетінші сыныпта оқып жүргенде Сәтбаев оқуларында қорғаған едік. Алдағы уақытта оны одан әрі жетілдіріп, тек су бетінде ғана емес, су астында да жұмыс істейтіндей етіп жасағымыз келеді. Сонымен қатар құрылғы жаңартылатын энергия көздерімен, яғни күн панелі мен жел энергиясы арқылы жұмыс істейтін болады.

Анна Сүлейманова, ғылыми жетекші:

- Біздің жобамыз су бетімен батпай жүретін жәндіктің қозғалыс принципіне негізделген. Ол су үстінде қозғалып, айналаны бақылайды. Сол сияқты, біздің робот та су бетімен қозғалады, ал тіреуіштері суға батпайды. Құрылғыдағы сорғы ластанған су мен түрлі қалдықтарды жинайды. Жиналған су құрылғының ішіндегі арнайы жүйе арқылы әртүрлі сүзгілерден өтіп тазартылады. Нәтижесінде сыртқа таза су шығарылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz