RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

«Судың қара нарығына жол жоқ!»: Қазақстанда анонимді чат-бот іске қосылды

13.05.2026, 09:20 39

Қазақстанда су ресурстарын бөлу саласындағы заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға арналған арнайы Telegram чат-бот іске қосылды, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, «Судың қара нарығына жол жоқ!» атты чат-бот «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында әзірленген. Жоба суару маусымында суды әділ бөлуге бақылауды күшейтуге және «Қазсушар» РМК мен оның өңірлік филиалдарындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Жаңа сервис арқылы азаматтар су беру және бөлу қызметтері кезіндегі заңсыз әрекеттер туралы жедел хабарлама жолдай алады. Сонымен қатар пайдаланушылар қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алу мүмкіндігіне ие.

Чат-ботқа қосылу үшін «Қазсушар» РМК филиалдары мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет. Платформа қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі өтініштерді анонимді түрде қабылдайды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл бастама ашықтықты қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Оның айтуынша, министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, су саласындағы бақылауды цифрландыру жұмыстарын күшейтіп жатыр. Атап айтқанда, су беру бойынша электронды келісімшарт жүйесі мен жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторинг енгізілуде.

«Біз суару кезеңінде “Қазсушар” РМК филиалдары мен өндірістік бөлімшелерінің қызметіне толық бақылау орнатуды көздеп отырмыз», – деді министр.

Айта кетейік, чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бірлесіп бекіткен судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасы аясында әзірленген.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алу фактілері бойынша жалпы сомасы 41 миллион теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz