RU
Толық нұсқаға өту

Улы өсімдіктерді қалай ажыратамыз?

14.07.2026, 14:42 53

Шілденің шіліңгір ыстығында табиғаттың да, тіршілік атаулының да тынысы кеңейеді.

Ми қайнатар аптаптан сая іздеген жұрт саф ауамен тыныстап, бой сергіту үшін тау-тасқа, орман-тоғайға барып, тынығуды жөн санайды. Алайда көз тартар көркем табиғаттың қойнауы улы өсімдіктер мен жәндіктердің де мекені екенін көбі естен шығарып жатады. Салдарынан көздің жауын алатын кейбір гүлдер қолды күйдірсе, енді бірі аллергиялық реакция туғызып, тынысты тарылтады.

Ендеше адам денсаулығына қауіп төндіретін мұндай улы өсімдіктерді қалай тануға болады және олардан қалай сақтанған жөн?

Жоңғар акониті, күлтежапырақ, күлбадана, дақты балдырған, аюбалдырған. Бұл елімізде әсіресе Алматы облысында, Жоңғар Алатауы сілемінде жиі кездесетін өсімдіктер. Сырт пішіні әдемі көрінгенімен олар қысқа уақытта жануар түгілі адамды ұшырып түсіруге қауқарлы. Мәселен, қазір желіде қызу талқыланып жатқан мына Сосновский аюбалдырғанының бір тамшы шырынының өзі теріні күлдіретіп жібереді.

Ескендір Сатеков, Ботаника және фитоинтродукция институтының зертхана меңгерушісі:

- Аюбалдырған шатыргүлділер тұқымдасына жататын, жапырақтары тілімденген биік, теріні күйдіретін қауіпті өсімдіктердің бірі. Сондықтан оған қол тигізуге, тіпті жақындауға да болмайды. Себебі оның шырыны тиген жердің терісі күйіп, өмір бойы кетпейтін дақ қалдыруы мүмкін. Яғни бұл өсімдіктің адам ағзасына әсері өте агрессивті. Жануарлар жеп қойса да қатты улануы мүмкін. 

Тұмса табиғатымызда жиі ұшырасатын жабайы өсімдіктерден бөлек сауда-саттық қатынасының дамуымен елімізге декоративті шөптер де соңғы кезде көптеп әкеліне бастады. Мамандардың айтуынша, олардың қатарында адам ағзасына қауіпті өсінділер де бар. Десе де, олардың саны мен түрін дөп басып айту қиын. Ендеше улы өсімді қалай ажыратуға болады?

Жанна Исина, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Улы өсімдіктердің көбі көздің жауын алатын әдемі, шырынды әрі жидекті болады. Оларды қолмен ұстағанда немесе басқанда улы шырыны бөлінеді. Ал кейбірінің өзіне тән өткір, жағымсыз иісі болады. Бұл оларды ажыратуға көмектесетін басты белгілердің бірі. Сонымен қатар кейбірі өте белсенді тозаңданады. Яғни олардың тозаңы жел, жаңбыр, құстар мен жәндіктер арқылы таралып, адамда әртүрлі аллергиялық реакция туғызуы мүмкін.

Сонда мұндай зиянды әсері бар өсімдіктерден қалай сақтану қажет?

Жанна Исина, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Алдымен, баратын жердің флорасын, яғни өсімдіктер әлемін зерттеп алу керек. Ол жерде улы жидектері бар өсінді болса, оларға тиісуге болмайтынын балаларға қатаң түрде ескерткен жөн. Сосын бейтаныс өсімдіктерді жинап, гүлдесте жасап, от жақпау қажет. Өйткені түтінінің өзі улы болуы мүмкін және үйге жеткен соң міндетті түрде сол тауға барғанда киген киімді қағып-сілкіп, жуып алу керек. Себебі киімде зиянды шөптің тозаңы қалып қалса, аллергиялық реакция туғызары сөзсіз.

Ал Ботаника және фитоинтродукция институты маманының айтуынша, қауіпті жидекті не өсімдікті жеп, уланып қалған жағдайда, бірден көп мөлшерде су ішіп, ағзадағы токсинді сыртқа шығаруға тырысу керек. Аллергия белгілері байқалған жағдайда антигистаминді дәріні қолданып, шұғыл түрде жедел жәрдем көмегіне жүгінген абзал. 

Назым Кенжебай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz