Ат жалында ойнап, жүйтки шабу жаһандық желіде қазір сәнге айналды.
Әсіресе қыз-келіншектер арасында бұл ерекше челленджге ұласып, ат үстіндегі әрбір сәтін көпшілікке көрсету белең алды. Тұлпардың тегеуріні мен табиғаттың тылсым көрінісі астасқан мұндай кадрлар көптің таңдайын қақтыратыны рас. Алайда әдемі кадрға ұмтылып, аттың мінезін, шабыс қарқынын ескермеген жандардың ауыр жарақат алып, жазым боп жатқандары қаншама? Қайтпек керек?
Көлсайда жұп серуен кезінде аттан құлап жарақат алды. Маңғыстауда аттан құлаған жасөспірім тікұшақпен ауруханаға жеткізілді. Аттан құлап, ауыр жарақат алған 33 жастағы ару ауруханада көз жұмды. Астана маңындағы ат спорты кешенінде соңғы екі айдың ішінде екі адам ауыр жарақат алды. Бұл соңғы бір жылдың ішінде ғана тұлпар тізгіндеуде орын алған оқыс жағдайлар.
Ендеше мұның алдын алу үшін қайтпек керек? Қандай қауіпсіздік талаптарын ескеру қажет?
Иван Шарковский, спорттық ат клубының басшысы:
«Біз қазір атты ерттейміз. Ол үшін тұлпар тұратын қораға кіреміз. Сондықтан қауіпсіздік талаптары, ең алдымен, қорадан басталатынын ұмытпаған жөн. Біріншіден, атқа жақындамас бұрын атын атап шақырамыз. Аздаған көкөніс беруге де болады. Сонда ол үркімейді. Сосын есікті айқара ашып, жетектеп сыртқа шығарамыз. Жол бойы басқаларға соғылып қалмас үшін «абайлаңыздар» деп айқайлап белгі береміз».
Артынша атбегілер атты арнайы байлау орнына апарып, жақсылап тазалайды. Тек содан кейін ғана ат әбзелдерін байлап, ерттеуге көшеді.
Иван Шарковский, спорттық ат клубының басшысы:
«Барлық белбеуді жақсылап байлауымыз керек. Өйткені біреуі дұрыс байланбай қалса, атқа қолайсыздық туғызып, аттыға бағынбай шауып кетуі мүмкін. Ал айылын қораның ішінде жартылай тартып, мінер алдында екінші қайтара тексеріп, мықтап байлау қажет».
Атқа қонғанда жылқының тек сол жағынан жақындап, тізгіні мен ертоқымын қатар ұстап міну шарт.
Батырбек Қошқарбаев, Павлодар облысы Ұлы дала жорығы федерациясының жетекшісі:
«Атқа мінетін кезде тізгінге ие болу керек. Атты ең тоқтататын, бұратын осы тізгін. Көп жас атпен серуендеу орталығын ұстағаннан кейін мынаны ұстамайды, былай жібере салады да ертоқымнан ұстап мініп жатады. Ол ат жүріп кетеді. Кейін құлап жататын жағдайлары болады. Ең қауіпсіздігі атқа арт жағынан келуге болмайды. Атқа сол жағынын алдыңғы жағынан келу керек».
Бұл ретте аяқта ыңғайлы аяқ киімнің, дұрысы саптама етіктің болуы аса маңызды.
Батырбек Қошқарбаев, Павлодар облысы Ұлы дала жорығы федерациясының жетекшісі:
«Мынау үзеңгі. Бұл аяқты тірейтін жер ғой? Көп адам алады да, аяғын түбіне дейін бүйтіп салып алады. Кейін құлаған жағдайда адамның аяғы ішіне кіріп кетеді де, шықпайды ішіне кіргеннен кейін. Сомен ат құлаған кезде бауырына салбырай берген сайын ол шошынып қалады да одан сайын тепкілене береді. Көрдіңіз ғой? Сол үшін аяқтың ұшын ғана салу керек. Кез келген құлайын деп жатқан қауіпті сәтте аяғыңды бірден шығарып жіберу керек қой. Көкпаршылар не үшін саптама етік киеді? Саптама етіктің өкшесі болады биік. Ол өкше мынадан өтпейді да».
Атқа мінгенде тақымды қысып отыру да оқыс жағдайдың алдын алады дейді маман. Аяқ үзеңгіден шығып, тұлпардың бауырына тие бастаса, ат адамның қорыққанын біліп, бағынбай өз бетінше шауып кетуі мүмкін. Ал ондай жағдайда міндетті түрде алдымен тақымды қысып, кейін тізгінді мықтап тарту қажет.
Батырбек Қошқарбаев, атбегі, Павлодар облысы Ұлы дала жорығы федерациясының жетекшісі:
«Көп жастар, қаланың жастары бір-бірінен инста желісіне еліктеп, видеоларды көріп, қолын жіберіп шабамын дейді. Ол әр аттың мінезіне қарай. Ол атқа бірінші үйреніп алмай, қолыңызды көтеріп, басқа іс-қимылдар жасамаған дұрыс. Өйткені ат үркуі де мүмкін. Екіншіден, атқа толық қол көтеріп шабу үшін үлкен тәжірибе керек».
Елімізде ұлттық және классикалық ат спортын дамытатын 8 мамандандырылған спорт клубы, 45 ипподром, сондай-ақ ондаған жекеменшік және мемлекеттік ат спорты клубтары, орталықтары жұмыс істейді. Яғни атқа отырып үйренуге мүмкіндік мол. Десе де, қай жаққа барсаңыз да қауіпсіздік талаптарын назардан тыс қалдырмаңыз. Атқа міну сән болғанымен сақтықты талап етеді.
Назым Кенжебай, Медет Қуанышбеков
Тегтер #ат #қауіпсіздік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz