RU
Толық нұсқаға өту

Сәтбаевтық мұғалім Евгений Соколовский қазақ тілінде еркін сөйлеп, Абай өлеңдерін жатқа оқиды

11.09.2026, 20:05 45

Сәтбаев қаласының тұрғыны Евгений Соколовский қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, Абай мен Мұқағали жырларын жатқа оқиды. 

Қазақша ән де шырқайды. Жас маман қазір қалалық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек етеді. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруі қызметінде көмегі тиді. «Тіл білгенімнің арқасында жұмыста қиналмаймын», – дейді ол. Евгений қазір қазақ сыныптарында ағылшын тілінен сабақ беріп жүр.

Евгенийдің ұлты – орыс, мамандығы – ағылшын пәні мұғалімі. Үш тілді меңгергенімен, «жаныма жақыны қазақ тілі» дейді. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренуге араласқан ортасы әсер еткен. Осының арқасында жас маман қазірдің өзінде жауапты қызмет атқарып жүр.

Евгений Соколовский, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Адамдар арасында, достар арасында ақырын-ақырын, шамалы қазақ тілінде сөйледім. Естідім, қалай дұрыстап айту керек. Алайда әрине менде көп қателер болды. Менің ойымша, әрбір азамат Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді білу керек. Бізде білім бөлімінде бүкіл жұмыс қазақ тілінде. Мен әр түрлі хаттарды қазақ тілінде жазып жатырмын. Мектептерге әр түрлі әдістемелік нұсқаулық хаттар беремін.

Евгений тілді меңгеру үшін ең алдымен ниет пен сол тілге деген сүйіспеншілік болуы керек дейді. Қызметтен қолы қалт еткенде ол тіл байлығын дамыту үшін көркем шығармалар оқиды. Соның арқасында ұлттық өнер мен әдебиетке қызығушылығы артқан.

Евгений Соколовский, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Бос уақытымда мен қазақ тілінде кітаптар оқимын. Әндер айтамын. Біздің қазақтың жазушыларын оқимын. Мұқағали Мақатаев мысалы, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин.

Евгений Соколовкий негізгі жұмысынан бөлек, мектепте қазақ сыныбына ағылшын пәнінен сабақ береді. Түрлі әдеби және мәдени шараларға тұрақты қатысады. Мақсаты – мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу. Оның бұл қасиетін әріптестері де жоғары бағалайды.

Айсұлу Шакина, әріптесі:

- Бізбен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Қазақ тіліне деген құрметі ерекше екенін байқаймыз. Ізденіп отырады. Мысалы, жазылған хаттарды, ақпараттарды сауатты беруге тырысады. Жазған жұмысын қайта қайта қарап бірнеше рет тексеріп барып жібереді.    

Евгений қазір әріптестерімен бірге мектептегі жасанды интелект тілін қазақшалау, оны оқу бағдарламасына енгізу жұмыстарын жетілдіру үстінде. Жас маманның еңбегі бағаланып жақында «Тіл шебері» деп аталатын облыстық байқауда жеңімпаз атанды. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серікбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz