Кейінгі жылдары дұрыс тамақтану мәселесі қоғамда жиі талқыға түседі. Соның ішінде ультраөңделген тағамдардың адам денсаулығына әсері ерекше алаңдаушылық туғызуда.
Мұндай өнімдердің үлесі АҚШ тұрғындарының күнделікті ас мәзірінде өте жоғары.
Бүгінде ультраөңделген өнімдер күнделікті тағам рационының ажырамас бөлігіне айналып барады. АҚШ ғалымдарының зерттеуі де алаңдатарлық нәтиже көрсетті. Оған сәйкес дамыған елдердегі балалар мен жасөспірімдер тәуліктік тұтынатын калорияның 60 пайыздан астамын өңдеудің бірнеше кезеңінен өткен осындай тағамдардан алады. Ал ересектерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады.
Кристина Петерсен, Пенсильвания мемлекеттік университеті Нутрициология бөлімінің доценті:
- Ультраөңделген тағамдар мен түрлі аурулардың арасындағы байланыс талай рет зерттеліп, дәлелденді. Бұндай тағамды жиі тұтынатындар әдетте семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары, екінші типті диабет және кейбір қатерлі ісік түрлеріне шалдығып жатады. Сондықтан өнім сатып алғанда, оның құрамын мұқият оқу маңызды.
Ультраөңделген өнімдер – өндірістік жолмен дайындалатын және үй жағдайында әдетте қолданылмайтын түрлі қоспалармен жасалады. Олар өнімнің дәмін, иісін немесе құрылымын өзгерту үшін қажет. Ал жарамдылық мерзімін ұзарту мақсатындағы өңдеуді ультраөңдеу деп атауға болмайды. Бұған мысал ретінде сүтті пастерлеу, тағамды консервілеу немесе ашыту жатады. Бүгінде АҚШ-тың кейбір штатындағы мектептерде тағамда кездесетін белгілі бір қоспалар мен бояғыштарға қатысты шектеулер енгізіле бастады. Тиісті заң жобасында пайдасынан зияны көп азық-түліктің тізімі де бар.
Майкл Йохнер, мектептегі тамақтану ісі бойынша жетекші:
- Білім ордамыз бұл заңға толық бағынады. Болашақ жастарды тәрбиелеп отырғандықтан, оларға тек табиғи жолмен әзірленген құнарлы тағамды беріп отырмыз. Morgan Hill мектебінде хош иістендірілген сүт өнімдері мен пластик құтыдағы шырындарды таппайсыз. Беретін астың 75 пайызын өзіміз дайындаймыз. Ал көкөніс пен жемісті жергілікті фермерлерден сатып аламыз.
Кристина Петерсен, Пенсильвания мемлекеттік университеті Нутрициология бөлімінің доценті:
- Заң шығарушылардың шешімі ғылыми дәлелдерге негізделіп отыр. Егер өнім құрамында қант, қаныққан май немесе натрий көп болса, мүмкіндігінше басқа өнімді немесе осы заттардың мөлшері аз кездесетінін таңдаған абзал. Бұл өзгерістер азық-түлік өндірушілеріне де әсер етуде. Компаниялар кейбір өнімдерінің құрамын қайта қарап, белгілі бір қоспаларды азайтуға немесе алып тастауға көшті.
Әрине, дұрыс тамақтануға көшу оңай шаруа емес. Себебі дүкендердегі азық-түліктің шамамен 70 пайызы ультра өңделген өнімдерге жатады. Десе де нутрициологтар күнделікті рационда көкөніс пен жеміс-жидек, тұтас дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар мен жаңғақтарды көбірек тұтынуға кеңес береді.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #АҚШ #өнімдер #салауатты өмір салты #зиянды заттар #тағам қоспаларыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz