Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді аударымын тексеруге негіз болатын шекті сома ұлғайды.
Енді үш айда шотқа түскен қаражат 1 миллион 560 мың теңгеден асса, салық органының назарына ілігуі мүмкін. Тиісті өзгеріс енгізілген бұйрыққа Қаржы министрі Мәди Такиев қол қойды. Министрліктің мәліметінше, соманың белгіленген шектен асуы ғана тексеруге негіз болмайды. Ол үшін бірнеше шарт қатар орындалуы керек. Яғни үш ай қатарынан әр айда 100 және одан көп әртүрлі адамнан ақша түсіп, осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы белгіленген шектен асуы тиіс. Банктер мұндай операциялар туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне Smart Data Finance цифрлық жүйесі арқылы жолдайды. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бақылаудың мақсаты - жеке шоттарын кәсіпкерлікке пайдаланып, бизнесін тіркемеген және салық төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау. Ведомство туыстар мен достар арасындағы күнделікті аударымдар тексеруге негіз болмайтынын да еске салды.
Тегтер #Қазақстан #мобильді аударым #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz