RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

115 жыл бұрын су астында қалған орман: Қайыңды көлі әлем саяхатшыларын несімен баурап алды?

12.11.2026, 14:10 17

Алматы облысындағы Қайыңды көлі – Қазақстанның ең бірегей табиғи көрікті жерлерінің бірі. 1911 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін су астында қалған шырша орманы бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұзылмай сақталып тұр. Көгілдір судан тік көтерілген ағаш діңдері көлге өзгеше көрік беріп, оны ертегі әлеміне ұқсатады, деп хабарлайды «24KZ».

Қайыңды көлінің басты ерекшелігі – су астында сақталған шырша орманы. Мөлдір судың түбінен ағаштардың бұтақтары мен тіпті қылқандарын да көруге болады. Мұздай судың әсерінен суасты бөлігі шірімей, балдырлармен көмкеріліп, нағыз жасыл «ертегі орманына» айналған. Ал су бетінен қылтиып шыққан қабығы түскен ақшыл діңдер алыстан қарағанда кеме діңгектеріне немесе көл ортасына қағылған бағандарға ұқсайды. Тұманды күндері бұл көрініс тіпті жұмбақ сипатқа еніп, жергілікті гидтер оны кейде «Әруақтар көлі» деп те атайды.

Бір ғасыр бұрын пайда болған табиғи ғажайып
Қайыңды көлінің тарихы 1911 жылдан басталады. Сол жылы болған жойқын Кемин жер сілкінісі кезінде таудан құлаған көшкін шатқалды бөгеп, табиғи тосқауыл қалыптастырған. Уақыт өте келе аңғарға бұлақ пен еріген қар сулары жиналып, шырша орманын су басқан.
Содан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де, ағаш діңдері әлі күнге дейін шірімей сақталған. Бұған көл суының өте төмен температурасы тікелей ықпал еткен. Суық ортада ағашты ыдырататын микроағзалардың белсенділігі тежеліп, шіру процесі баяу жүретіндіктен, Қайыңдыда ғажайып суасты орманы қалыптасқан.
Көл теңіз деңгейінен шамамен 1 867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы 400 метрге жуық, ал тереңдігі қазіргі уақытта шамамен 20 метрге жетеді (2010 жылғы сел тасқынына дейін көлдің тереңдігі 30–40 метр болған).

​


Саяхатшыларды таңғалдырған көрініс
Қайыңдының қайталанбас табиғаты отандық және шетелдік саяхатшылардың назарынан тыс қалмайды. Туристік платформалар мен саяхат блогтарында көлдің суасты орманы жиі сөз болады.
Саяхатшылар әсіресе судың мөлдірлігіне, көл түбіндегі әктас пен минералдардың әсерінен пайда болатын көгілдір-жасыл түсіне және су ортасынан көтерілген ағаш сұлбаларына таңғалады. Кейбірі бұл көріністі шынайы өмірден гөрі қиял-ғажайып фильмінің көрінісіне ұқсатады. Сонымен қатар Қайыңды — таулы дайвинг әуесқойларының сүйікті орны. Сүңгуірлер су астындағы шыршалардың арасымен жүзіп, ерекше суреттер түсіру үшін мұнда арнайы келеді.
Дегенмен туристердің пікірлері тек табиғат сұлулығымен шектелмейді. Қайыңдыға апаратын таулы жолдың күрделілігі мен туристік инфрақұрылым мәселелері де жиі айтылады. Соған қарамастан, таңғажайып табиғи көріністі тамашалау үшін алыс жолды еңсеріп келетін саяхатшылар аз емес.

​


Жазда да суы мұздай
Қайыңды көлінің тағы бір өзгешелігі – суының салқындығы. Жаз мезгілінің өзінде судың температурасы көбіне 6–10 градус шамасында болады. Сондықтан көл шомылудан гөрі табиғатты тамашалап, суретке түсуді ұнататын саяхатшылар үшін тартымды.
Көлдің түсі де ауа райы мен күн сәулесіне қарай құбылып тұрады. Ашық күндері суы көгілдір реңкке енсе, бұлтты кезде қою жасыл түске өзгереді. Ал қыс мезгілінде көл бетін мұз басып, айналасындағы қарлы таулармен үйлескен мүлде басқа көрініс қалыптасады.


Қайыңдыға қалай жетуге болады?
Табиғаттың бұл ерекше туындысы Алматыдан шамамен 300 шақырым қашықтықта, «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Көлге баратын жолдың бір бөлігі таулы әрі ойлы-қырлы болғандықтан, саяхатшылар көбіне жол талғамайтын көліктерді пайдаланады.
Айта кетейік, атауы Қайыңды болғанымен, көлдің су астында сақталған ағаштары негізінен шыршалар. Ал көлдің бұлай аталуына одан сәл төменірек орналасқан үлкен қайың тоғайы себеп болған.
Бүгінде Қайыңды көлі – Қазақстанның туристік әлеуетін танытатын бірегей табиғи нысандардың бірі. Бір ғасыр бұрынғы жер сілкінісінен пайда болған көл уақыт өте келе саяхатшылар арнайы іздеп келетін көрікті мекенге айналды. Оның басты құндылығы да осында: адам қолымен жасалмаған, табиғаттың өзі қалыптастырған суасты орманы әлі күнге дейін өзінің жұмбақ келбетін сақтап келеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz