Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік қауымдастығы Қазақстандағы балалардың емі үшін қайырымдылық концертін өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Вашингтондағы елшілік ғимаратында өткен шараның мақсаты – бас, бет сүйегінің ақауы бар балаларға операция жасау үшін қажетті қаражат жинап беру. Сонымен бірге америкалық білікті дәрігерлерді Алматыға арнайы алып бару. Ал қайырымдылық шарасында ұлттық зергерлік бұйымдар мен қолөнер туындыларының аукционы ұйымдастырылды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Қазақ күйлерінің скрипка мен фортепианодағы интерпретациясы, Еуропа мен АҚШ-тың таңдаулы шығармалары, Владимир Дё мен Сәуле Гарсияның орындауындағы «музыкалық саяхат» қайырымдылық концертін тамашалаған жұртшылықты ән әлеміне елітіп әкетті. Ендігі қадам осы шарада жиналған қаражат арқылы америкалық дәрігерлерді Қазақстанға жеткізу болып отыр.
Анар Өмірзақ, Солтүстік Америкадағы Қазақстан Мәдени-іскерлік қауымдастығы бизнесті дамыту бағытының директоры:
- Біз Америкадан операция жасайтын ең білгір маманды шақырамыз, ол бізге тегін жұмыс істейді. Бірақ біз оның саяхатына, яғни билетіне, қонақүйіне осы қаражаттан жұмсаймыз. Сондықтан барлығымыз волонтерміз. Және бізге баратын дәрігеріміз де волонтер. Өз уақытын бөліп, бізге тегін еңбек етуге келе жатыр.
Айнұр Нұркина, Солтүстік Америкадағы Қазақстан Мәдени-іскерлік қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі:
- Қазақстандық балаларды бір-бірлеп АҚШ-қа алып келгенше, америкалық дәрігерлерді Қазақстанға апарып, ем-дом жасату тиімдірек деп есептейміз. Сондай-ақ екі елдің медицина мамандарының арасындағы ынтымақтастықты арттыруға сеп болғымыз келеді. Күрделі операцияларды бірге жасау арқылы тәжірибе алмасып, осы жоба аясында еліміздің медициналық әлеуетінің артуына үлес қосамыз деп сенеміз.
Қазақстанға командасымен бірге келе жатқан дәрігер – Даррин Хуберт. Рочестер және Пенсильвания университеттерінде біліктілігін арттырып, Вирджиния штатының Ричмонд қаласында пластикалық хирургия бойынша ота жасайды. Алматыдағы №5 клиникалық ауруханаға өзімен бірге бір хирург және екі ассистент ала баруды жоспарлап отыр. Қажетті құрал-жабдықтарын да өзімен бірге ала бармақ. Он күн ішінде операция жасап қана қоймай, өз саласы бойынша дәрістер өткізіп, білгенімен бөліскісі келеді.
Даррин Хуберт, пластикалық хирургия дәрігері:
- Біз бас, бет, мойын бөліктеріндегі ақаулар бойынша балалар мен жасөспірімдерге пластикалық операциялар жасаймыз. Шамамен жиырмаға жуық ота жасауды көздеп отырмыз. Қазақстанда бұрын болғам. АҚШ-та қазақстандық науқастарым да болды. Клиникамызға қазақстандық дәрігерлердің тәжірибе алмасу үшін келген кездері бар. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынасымыз жақсы дамып келе жатыр.
Солтүстік Америкадағы Қазақстанның мәдени-іскерлік ассоциациясы Қазақстан АҚШ, Канада, Мексика арасындағы ынтымақтастықты осы секілді іс-шаралармен ары қарай да жемісті ете түссек дейді. Осыған дейін қазақ өнерпаздарының концерттері мен қазақ кәсіпкерлерінің Солтүстік Америкадағы форумдарын ұйымдастырып, қос тарапқа көпір болған. Енді олар денсаулық сақтау саласында әріптестік жобаларды арттыруды мақсат тұтып отыр.
Авторы: Ердана Ержанұлы
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz