Балалар арасында аутизм дерті белең алып барады, деп хабарлайды 24KZ. Бас-аяғы бес жылдың бедерінде ақыл-есінде ауытқуы бар, дамуы кенжелеген кішкентайлардың саны екі жарым есеге өскен. Сондай-ақ бұл дерт ер балаларға қарағанда қыздарда жиілеген.
Әлемдегі ахуал да көңіл көншітпейді. Кейінгі 9 жылда бұл дерт 5 есеге ұлғайды. Дүнижүзілік денсаулықсақтау ұйымының дерегіне қарасақ, Қытайда 1 100 000, Ұлыбританияда 650 мың, Филиппинде 500 000 адам аутизмге шалдыққан.
Мамандар аурудың заманмен бірге жаңарып жатқанын айтады. Мәселен, бүгінгінің баласы цифрлық аутизмге бейім. Бұл дерт телефонға тілміріп, ала таңнан қара кешке дейін қозғалыссыз отыратын бүлдіршіндер арасында өте өзекті. Сұрап алған дерттің емі не?
Аутизм ер балаларға қарағанда қыздарда жиі кездеседі
Елде аутизммен ауыратын 12 мыңнан астам бала бар. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 8 мыңға аз еді. Яғни, жыл санап дерт дендеп барады. Әсіресе қыз балалардың арасында жиі кездеседі. Ресми дерек осылай. Дегенмен кеселмен күресіп жүрген жандар бұдан да көп болуы бек мүмкін. Себебі әр секторда сандар әртүрлі. Тіпті тізімнен тысқары, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалғандар да бар. Сенатор Бибігүл Жексенбай осылай деді.
Білім және ағарту министрлігінің ақпараты бір басқа, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бір басқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қамтамасыз ету министрліктерінің деректері бір басқа. Облыс деңгейіндегі деректер бір басқа. Яғни, әр министрлік осы салаға байланысты аутизмге байланысты деректері әр түрлі. Яғни, біздің өңірде, аймақтарда мүлде мемлекеттің қамқорлығынсыз қалып жатқан балалар болуы мүмкін. Бұл өте қорқынышты мәлімет.
Былтыр 4,5 млн бала медициналық тексеруден өтті
«Науқас балалардың көбеюіне бір есептен скринингтің тұрақты жүргізілуі себеп. Өйткені бұрын тіркелмеген аутист балалар енді анықталып жатыр», – дейді дәрігерлер. Айтайық, былтыр 4,5 млн балаға профилактикалық қарап-тексеру жүргізілді. Дегенмен дертті емдеу қиын һәм мүмкін емес. Елде ерекше балаларды емдейтін һәм оңалтатын 10 орталық бар. Бұл дегеніңіз теңізге түскен тамшыдай. Олқылықтын орнын толтыру үшін Президент әр облыстың орталығында осындай нысандарды салуға пәрмен берді.
Жұлдыз Мұқашева, ҚР ОАМ Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы:
- Қазіргі таңда біздің еліміздің 10 өңірінде осы аутизм орталықтары қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, бізде СҚО, БҚО, ШҚО, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл және Абай облыстарында, сонымен қатар Астана қаласында. 2025 жылы Ұлытау облысында 1 аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қазақ басшысы биылғы Құрылтайда салаға жаңа заң керек екенін ескертті. Қазір құжат Сенат қабырғасында қаралып жатыр.
Жұлдыз Мұқашева, ҚР ОАМ Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы:
- Заң жобасында мынандай негізгі жаңалықтар қарастырылған. Айта кететін болсақ, ол балаларды ерте анықтау және ерте қолдау жүйесін енгізу. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау жәнеде әлеуметтік қолдау салалар арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту және басқа да нормалар кірді. Қазіргі уақытта заң жобасының құрылымы талқылану үстінде.
Кадр тапшылығы да қолбайлау болып отыр. Қазір қолдауды қажет ететін бүлдіршіндермен 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Ал маман қажеттілігі 4 мың жанға жетті.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы
Тегтер #аутизм #медициналық тексеру #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz