Келер жылдан бастап тағы 1 млн астам отандасымыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл шамамен ел азаматтарының 5%-і. «Осылайша, денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеме азайып, бұқараның әл-ауқаты нығаюы тиіс», - дейді сала басшысы. Бүгін Мәжіліс қабырғасында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты Заң жобасының жай-жапсары тағы пысықталып, депуттаттар оны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта бірқатар өзгерістер пен толықтырулар енгізілген. Оның ең негізгілері: жұмыссыздар мен халықтың осал тобына жарна төлеу жергілікті атқарушы билікке жүктеледі. Жауаптылардың есебінше, бұл шамамен 1 млн адамды қамтиды. Сондай-ақ жарнаны есептеу шегін ең төменгі 50 жалақы деңгейіне көтеру қарастырылған. Бүгінде ол ең төменгі 10 жалақы яғни, 850 мың теңгені құрайды. Ұсыныс қолдау тапса, келер жылдан бастап жоғары жалақы алатындардың МӘМС-ке аударатын жарнасы да көбірек болады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл өзгеріс барлық жалдамалы қызметкердің шамамен 9%-іне немесе 508 мыңға жуық адамға және олардың жұмыс берушілеріне қатысты болады. Әлемдік тәжірибеде табыс деңгейі бойынша шектеу еш жерде қолданылмайды. Соның нәтижесінде біз МӘМС жарнасының регрессивті салық салуынан бірыңғай шкалаға көшеміз.
Тегтер #МӘМС жүйесі #денсаулық сақтау #мәжіліс #жарнаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz