RU
Толық нұсқаға өту

Елде ана мен бала өлімі көрсеткіші төмендеп келеді

02.05.2025, 13:15 555

Елдегі перзентханаларда 400-ге жуық акушер-гинеколог жетіспейді. Бірқатар мекемеде төсек-орын тапшылығы да байқалады. Бұл ана мен бала өлімінің арту себептерінің бірі болып отыр. Мәжіліс депутаттары осылай деп дабыл қақты. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі мұндай жағдайларды болдырмау үшін іс-шаралар кешенін іске қосты. Оның ішінде «бір күндік клиника» жобасы бар. Оның тиімділігі неде? Нәзік жандарға қандай көмегі бар?

Биыл Ақмола облысында ана мен бала өлімінің екі дерегі тіркелді. Қайғылы жағдайға туберкулез ауруының асқынуы мен дәрігер көмегіне уақытылы жүгінбеу себеп болған. Бір әйел тіпті жүктілігінің 5 айына дейін дәрігерлік есепке де тұрмағаны белгілі болды.

Алма Құрмашева, Ақмола облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

- Біз барлық анаға бірдей қараймыз. Бірақ кейбір аяғы ауыр әйелдер ауруханаға уақытылы келіп тексерілмейді. Соның кесірінен осындай қайғылы жағдай тіркеліп жатады.

Статистика көңіл көншітпейді. Жуырда Мәжіліс депутаттары ресми дерек келтіріп, дабыл қақты. Сөздеріне сүйенсек, 2020 жылы 3286 сәби шетінеп кеткен. 2021-де 3732, 2022 жылы 3154, кейінгіде 2998 бөбек шетінеген. Ал былтыр 2600-ге жуық нәресте құндақтаулы күйде мәйітханадан шығарылған. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі сәби өлімінің азайғанын алға тартады.

Гаури Бапаева, ҚР ДСМ бас штаттан тыс акушер-гинекологы:

- 2020 жылы ковид пандемиясы тек Қазақстанды емес, әлемді шарпыды. Сәйкесінше бұл жылдары ана мен бала өлімі жиі тіркелді. Бірақ қазір статистика төмендеп келеді. Бүгінде елімізде медициналық авиация бағыты да дамып жатыр. Баланы босану кезінде немесе жүкті әйелде шұғыл мәселе туындаса, онда осы арнайы ұшақтар арқылы Астана қаласына жедел жеткізуге қауқарымыз бар.

Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала өлімін болдырмау үшін іс-шаралар кешенін іске қосты. Мысалы, жүкті және босанатын әйелдер қазір барлық тексерісті бір жерден өте алады. Оны «бір күндік клиника» деп атайды. Бұл жоба аясында бүгінге дейін 50 мың жүкті әйел сапалы тексерулерден өткен. Бұдан бөлек, болашақ аналарға баланы жоспарлау үшін елде 845 кабинет жұмыс істеп тұр. Онда тиісті мамандардың консультациясын алуға болады.

Шакизат Халықова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департаменті аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:

- Жергілікті емханаларда жүктілікті жоспарлап отырған әйелдер бекітілген бұйрыққа сәйкес тексерулерден өтіп, өз денсаулығы бойынша ақпарат ала алады. Егер қандай да бір кінәрат, ауру анықталған болса, оны дер кезінде толық тексеруден өткізіп, емдеп, жүктілікке дайындаймыз. 

Негізі ана мен бала мәселесінде кадр тапшылығы да – маңызды түйткіл. Қазір елде 4702 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Тапшылық 400-ге жуықтайды. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін меңгерген мамандардың саны небәрі 438.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Босандыру ұйымдарында тек 1679 акушер-гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана, яғни 35% ғана ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана, яки 21% ғана орындай алады. Бұл үлкен проблема. Осы тұрғыда ұсыныстар: ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керек. Себебі олар жалақысы жақсы деп жеке секторға кетіп жатыр. Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бірреттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет.

Мәселені ескерген министрлік, мұның да шешімін тапқан секілді. Биылдан бастап өңірлердегі жас дәрігерлерге төленетін көтермеақы 2 есе ұлғайған. Әсіресе ауылдық жерлерге баратын мамандарға 5 миллион теңге төленеді.

Авторы: Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz