RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында иппотерапия жанданып келеді

08.05.2025, 18:20 607

Атырау облысы, Орлы ауылында иппотерапия орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ. Онда сал ауруына шалдыққан 100-ге тарта науқас барып жүр. Олардың дені – 18 жасқа дейінгі балалар. Жалпы облыста сал ауруымен 4,5 мыңға жуық адам тіркелген. Оларға 4 орталық қызмет көрсетеді. Дегенмен былтыр бар болғаны 500 науқас қамтылыпты. Сондықтан иппотерапия қызметін алыс аудандардан да ашу қолға алынатын болды.  

Мына ат үстінде ілбіп келе жатқан жандардың барлығы да иппотерапия еміне мұқтаж. 9 жастағы Аружан туа бітті жүрек талмасына шалдыққан. Өздігінен қоғала алмайды. «Енді атқа мінгелі Аружанның қимылы ширап, көңілі көтеріліп келе жатыр», – деп қуанады анасы.  

Гүлден Хайдарова, Аружанның анасы:

- Туабітті ДЦП диагнозы. Мына атқа отырғалы жақсы. Емін алып жатырмыз. 1 аптадай болды келгенімізге. Басында бір рет жылады, содан кейін үйренді. Жақсы емі, басқа балаларға да ем болсын.

Орлы ауылындағы орталық былтыр 97 науқасты атпен серуендетуге мемлекеттік тапсырыс алған. Бірақ іс жүзінде жүзден астам адам келіпті. Себебі 70 мыңға тарта тұрғыны бар Құрманғазы ауданында әзірге жалғыз иппоерапиялық орталық бар. Оның да мүмкіндігі шектеулі.

Абай Абдуллаев, ат баптаушы:

- Ауыратын балаларға жуас ат керек. Аттың күйі жақсы болуы керек, сүрінбеу керек, мінгенде кісі жатырқамау керек. Сол тәсілдерді үйретеміз бәрін де. Былай енді бала көптеу, аттарымыз аздау болып тұр.

Соған қарамастан орталық мемлекет қолдауымен жұмысын жалғастырып келеді. Болашақта ауыл тұрғындарының өтінішімен емдеу шарасының аясын кеңейтпек. 

Азамат Абайұлы, орталық жетекшісі:

- Бізде иппотерапияға қосымша ЛПК АПК мамандықтарын енгізу логопед, дефектологтарды енгізгіміз келіп тұр. Себебі ауылдық жерлерде тұратын ата-аналар Атырау қаласына бара алмайды. Мемлекеттің қолдауымен осы балаларға арналған тегін бағдарлама жасағымыз келеді. Соған да қазіргі таңда жұмыстанып жатырмыз. 

Атырау облысында 4,5 мың науқас иппотерапия қызметіне зәру. Оның қамтылғаны 10%-тен аспайды. Сондықтан жергілікті билік: «Қызмет аясын кеңейтуді қолға аламыз», – дейді.

Әлфия Төлеғалиева, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл иппотерапия қызметі барлық ауданда ашылғаны дұрыс. Осы бойынша біздің әріптестеріміз аудандағы бөлімшелер жұмыстарын жасап жатыр. Жергілікті мәслихат шешімдерімен қаржыларын шығарып, бала санын нақтылап қажетті, оның ішінде бала да, ересек мүгедектігі бар адамдар да.

Былтыр өңірде иппотерапия қызметін ұсынушы 4 мекемеге 130 млн теңгенің тапсырысы түскен. Биыл 2 жастан 18 жасқа дейінгі 320 баланы қамтамасыз етуге қосымша қаражат қарастырылып отыр. Сондай-ақ жыл соңына қарай тағы 2 орталық ашу көзделген.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz