RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда акушер-гинекологтар конгресі өтіп жатыр

15.05.2025, 14:27 700

Алматыда Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының 50 жылдығына арналған халықаралық конгресс өтіп жатыр.

Алқалы жиынға Қазақстан және шетелдің жетекші мамандары келді. Олар дәрігерлер ана мен бала өмірін сақтау, жастар арасында репродуктивтік сауаттылықты арттыру жайын талқылады.

Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы саладағы талай білікті мамандарды дайындады. Ана мен бала өмірін сақтап қалуға бағытталған күрделі бастамалар да алдымен осы орталықта енгізілді. Мәселен, іштегі ұрыққа қан құю процедурасы алғаш рет 2006 жылы орталық мамандарының қатысуымен сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар, феталды хирургия, яғни, жатырдағы ұрықты диагностикалау сәтті жүргізілуде. Бұл әдіс туабітті ауытқу мен өмірге қауіп төндіретін жағдайларды жүктілік кезінде түзетуге мүмкіндік береді.

Гүлфайруз Оразбаева, "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы:

- Ағзаны сақтап қалатын операцияларды сәтті енгізіп жатырмыз. Бұрын босанғаннан кейінгі қан кетуді тоқтатудың жалғыз жолы жатырды алып тастау болса, бүгінде біз мұндай жағдайларда жатырды сақтап қалуға мүмкіндік беретін баллонды тампонада әдісін кеңінен қолданудамыз. Сонымен қатар жатырдың магистральды тамырларын байлау арқылы қан кетуді тежейміз.

Инновациялық әдістердің арқасында елімізде ана мен бала өлімі жыл сайын 10-12 процентке төмендеуде. Бұл акушерлік-гинекология саласын ғана емесе, неонатология саласын жетілдіру, мультидисциплинарлы көмек көрсетудің нәтижесі, дейді мамандар. 

Зәуреш Аманжолова, медицина ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Егер бұрын совет кезінде мың грамнан жоғары бала бала деп есептеліп, одан төмен бала ол выкидыш деп есептейтін болса, ал біз сол 2008 жылдан бастап 500 грамдық баладан жоғары баланы тірі туылған бала деп есепке алғанбыз. Сондықтан әрине, ол көрсеткішті жақсарту оңай болған жоқ. Ол үшін жаңа технологиялар, жаңа білім жетістіктері қажет болды. Жаңа аппаратура керек болды.

Елімізде 12-16 мамыр күндері денсаулық апталығы өтуде. Шара жастар мен ата-аналар арасында репродуктивтік сауаттылықты арттыруға бағытталған. Салауатты ұрпақ - отбасын жоспарлау мен бала сүюге дайындықтан басталады. Әрбір әйел жүктіліктің алдында толық тексеруден өтуі тиіс,-дейді дәрігерлер.

Вячеслав Локшин, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:

- Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікке дайындықты міндетті көмек көрсету кешеніне енгізді. Яғни фолий қышқылын, дәрумендерді тағайындау және қажетті медициналық шаралар толық қамтылған. Әйелдерде кездесетін бүйрек, бауыр, жүрек ауруларын емдеу қажет. Әйел адам жүктілікке және босануға дені сау күйінде келуі тиіс. Сонда ғана біз ана өлімін екі есеге дейін азайтуға нақты қол жеткізе аламыз.

Салада қол жеткізген жетістіктермен қатар, назар аударатын мәселелер де аз емес. Үш күндік конгресте мамандар жатыр мойны обырының алдын алу, бедеулік мәселелері, диагностикалау мен ауыр жүктіліктерді емдеуде жасанды интеллектіні қолдану тақырыптарын қаузамақ.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz