RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда ЖИ көмегімен жүрек ауруларын ерте анықтау әдісі енгізілді

15.05.2025, 22:27 508

Алматы қаласындағы Кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамырлары ауруларын шұғыл диагностикалайтын жаңа әдіс енгізілуде, деп хабарлайды 24kz.

Жасанды интеллектпен жабдықталған заманауи құрылғы дертті дер кезінде анықтайды. Жоғары технологиялық жабдықтың ерекшелігі журналистерге таныстырылды.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматы кардиологиялық орталығы қол жеткізген заманауи құрылғы тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу жүргізуге арналған. Бұл әдіс өткір миокард инфарктісі бар науқастарға дәл әрі шұғыл диагноз қою үшін қолданылады. Дертті дер кезінде анықтау тек адам өмірін сақтап қалуға ғана емес, сонымен қатар болашақта асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Роза Қуанышбекова, Алматы қалалық кардиологиялық орталықтың директоры:

- Біздің кардиологтар уақытты ұтуға тырысуда. Себебі миокард инфарктісінің ауыр түрімен түскен науқастарда 20-30 минут ішінде жүрек бұлшықетінің некрозы немесе өлімі басталады. Сондықтан барлық қажетті кардиохирургиялық шараларды дер кезінде әрі дұрыс жасау өте маңызды.

Заманауи құрылғы америкалық компанияның өнімі. «Денсаулық үшін әріптестік» бағдарламасы аясында бұл жабдық қазақстандық клиникаға тегін берілді. Санкт-Петербургтен келген белгілі кардиохирург Владимир Авдеев кардиоорталық мамандарына тамырішілік ультрадыбыстық зерттеуді қалай дұрыс жасауды үйретіп, шеберлік сабағын өткізді.

Владимир Авдеев, И.Мечников атындағы университеттің ғылыми қызметкері (Ресей):

- Арнайы өлшеуіш тікелей қан тамырына енгізіледі де, зерттеу жүргізіледі. Соның арқасында біз құралдың өлшемдерін нақты әрі дәл таңдауға, тіпті операцияның жасалауын өзгертуге мүмкіндік аламыз. Ал бұл пациенттің қайтыс болу жағдайларын төмендетіп, инфарктің қайталанбауына септігін тигізеді .

Алматы қалалық кардиология орталығында күн сайын шамамен 40 хирургиялық операция жасалады. Науқастардың көп бөлігі шұғыл медициналық көмекті қажет етеді. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа әдістемені қолдану көптеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz