RU
Толық нұсқаға өту

20 мамыр – Дүниежүзілік травматолог күні

20.05.2025, 15:34 546

Эндопротездеу, жасушалық технологиялар мен жабық операциялар.

Осы және басқа да жаңа технологиялар дәрігерлерге дене жарақаттарын емдеуді жеңілдетті. Ал науқастарға тез қалпына келуге мүмкіндік берді. Бүгінде қазақстандық травматологтар гипс салмай-ақ сүйекті қалпына келтіре алады. Салада басқа тың технологиялар кең қолданыста. Дүниежүзілік травматолог күніне орай әріптестеріміз Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына барды. Жыл сайын орталыққа мыңдаған адамды емдейтін мекеме медицицнадағы соңғы жетістіктерімен бөлісті.

Райымбек Әбділда бірнеше күн бұрын аттан құлап, ауыр жарақат алған. Осылайша, ер азамат астанадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының жедел жарақат бөліміне түскен. Тиісті медициналық тексеру сүйек сынғанын көрсеткен соң оған бірден операция жасалды. Бір сағаттың ішінде дәрігерлер сүйекті қалпына келтіріп, шұғыл көмек көрсеткен.

Райымбек Әбділда, емделуші:

- Иығым сынып, шұғыл түрде ауруханаға түстім. Операция жасады. Қазір гипссіз, стержень салып берді. Қазір қолды қозғалтып, жазылып келе жатырмын.

Орталыққа күніне кем дегенде 5-6 адам осындай дене жарақатымен түседі. Бұрын мұндай жағдайларда көбіне ашық операциялар жасалса, жаңа технологиялардың арқасында қазір жабық операциялар жүргізіледі. Жылдам, тыртық қалмайды, тілік кішкентай, бастысы, адам тез аяққа тұрады. Бұрынғыдай гипс салдырып, айлап жүрудің қажеті жоқ.

Досбол Ғалымұлы, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы жедел жарақат бөлімінің дәрігері:

- Қазіргі таңда тіліктер арқылы, малоинвазивті технологиялармен оперативті ем жүргізіледі. Науқастар операция жасаған күннен бастап ертеңіне қимылдап жүреді. Бұл еліміздің травматология ортопедия саласындағы озық технологиялардың бірі. Роботпен жасау, жасушалық клеткалар арқылы тіндердің регенерациясын тездету. Сосын сүйектерін бекітуостеосинтез деп аталынады. Сүйектерін бекіту жабық түрде жасалынады. Әлемдегі озық технологиялардың бәрі біздің Ұлттық ғылыми зерттеу орталығымызда қолданылады.

Дене жарақаттары адам өліміне әкелетін факторлардың ішінде жүрек ауруларынан кейін екінші орында. Мамандардың айтуынша, жыл сайын түрлі себептермен жарақат алатындар саны азаймай тұр. Көбіне бұл жол көлік оқиғалары, кәсіби жарақаттар, тұрмыстық жарақаттар. Жалпы жылына осы орталыққа 14 мың адам түссе, соның 12 мыңына операция жасалады. Ал инновациялық шешімдер, уақытылы көмек көрсетіп, жарақат салдарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Қанат Махмұтов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz