Атырау облысындағы Индер аудандық емханасында компьютерлік томография аппараты пайда болды.
Жаңа құрылғы ауру түрлерін нақты және уақытылы анықтай алады. Бұл 30 мыңнан астам тұрғыны бар аудан үшін өте қажет. Себебі жұрт 200 шақырым қашықтағы облыс орталығына сабылып келген. Ал жол апаты, басқа да жарақат алғандарды жедел жәрдем көмегімен тасымалдауға тура келетін.
Көп балалы Қамажай Ерғалиеваны көптен бері омыртқа-буын ауруы мазалайды. Бұған дейін ол облыс орталығындағы жекеменшік клиникалардан ем алатын. Енді тұрғылықты жерден компьютерлік томография кабинетінің ашылғаны қаражатқа да, уақытыма да үнем болды, дейді науқас.
Қамажай Ерғалиева, Индер кентінің тұрғыны:
- Бізде ашылған екен осындай аппарат, соған қуанышымда шек жоқ. Қазір түсіп отырмын. Былай жеке 15 мыңға түсу керек облысқа барғанда. Қазір енді жағдай жасалып жатыр, жақсы қуанып отырмын.
Жаңа кабинет ашылғалы 200-ден астам адам томографиялық тексеруден өткен. Себебі Атырау - Орал күре жолының бойындағы ауруханаға жол апаты, басқа да оқыс оқиғадан зардап шеккендер әкелінеді. Оларға факс жүйесі арқылы алғашқы диагноз қойылып, ем-дом тағайындалады.
Нұрбек Мақсотұлы, КТ аппаратының маманы:
- Факс жүйесі дегеніміз мына радиологиялық бөлімшелердің бүкіл снимкаларын рентген, флюро болсын, томография болсын, бәрі бір жүйеге қосылған. Оны қазір тікелей Астана, Алматыдағы кез келген маман дәрігер қарай береді. Өзіміздің де дәрігерлеріміз қарайды. Екінші жағынан, Астанадағы радиолог-дәрігерден кеңес алып, ақылдасып отырамыз.
30 мыңдай адам тіркелген аудандық аурухана үшін бұл аппараттың қажеттілігі 5-6 жыл бұрын туындаған. Былтыр жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен бюджеттен 523 млн теңге бөлінді. Әзірге радиолог-дәрігер жоқ. Оның жұмысын рентген лаборанты атқарады.
Анаргүл Досбаева, Индер аудандық ауруханасының директоры:
- Бүгінгі күнде КТ қондырғысының қорытындысы дистанционно түрде оқылуда факс жүйесі арқылы. Алайда ауданда отырып, соны оқитын радиолог маман керек. Бізге УЗИ маманы керек, эндокрнинолог, хирург-офтальмолог мамандары аса қажет.
Биыл Индер ауданына 7 жас дәрігер баруы тиіс. Маман-дәрігер мәселесі шешілсе, аудандық аурухана магнитті-резонанстық томография (МРТ) аппаратын да алмақ.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #Индер #томография #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz