RU
Толық нұсқаға өту

Астанада қатерлі ісікті радиоактивті йодпен емдей бастады

12.06.2025, 13:50 601

Астанада қалқанша безінің қатерлі ісігін радиоактивті йодпен емдеу әдісі қолданылады, деп хабарлайды 24KZ. Бұған дейін терапия тек Семейдегі Ядролық медицина орталығында жүргізіліп келді. Енді бұл ем-дом елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында да қолжетімді. Дәрігерлер таяу күндері қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдыққандарды йод терапиямен емдеуге кіріседі. Дайындық қалай және бұл әдістің ерекшелігі неде?

Қалқанша безінің қатерлі ісігі қазір кең таралған. Біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде осы дерттің таралу жиілігі артып барады. Дәрігерлер бұны диагностиканың артуымен байланыстырып отыр. «Қалқанша безінің қатерлі ісігі кезінде негізгі ем – операция», – дейді дәрігерлер. Бірақ 16 маусымнан бастап Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында осы аурумен күресте радиоактивті йод терапиясы қолданыла бастайды.

Дулат Серікбайұлы, ҰҒОО хирург-онкологы:

- Радиоактивті йод терапиясы ол операциядан кейінгі қосымша ем болып табылады. Оның негізгі мақсаты радиоактивті йод препарат қанға сіңіп, қалқанша безінің қатерлі клеткаларын өлтіреді. Науқас адам бір стақан, шамамен 200 мл йодты ішеді. Ол сұйықтық түрінде. Дәмі, иісі жоқ. Соны ішеді. Ішкен соң арнайы палатада болады. Сосын уақыт өткен соң организмде қатерлі ісік тіндері қалды ма, бар ма, жоқ па – соны анықтау үшін бүкіл денесіне сканерлеу зерттеуі жүргізіледі.

Радиоактивті йод терапиясы қалқанша безінің қатерлі ісігі үлкен болса, рак тіндері денеге таралып, метастаз берген жағдайда қолданылады. Мұндай емнен өту үшін пациенттер құрамында йоды көп тағамдарды тұтынбай, арнайы диета сақтап, дайындалады. Бұл терапияның әсерін күшейту үшін жасалады.

Берік Кәрібаев, ҰҒОО радиоизотоптық диагностика бөлімшесінің дәрігері:

- Бөлімшеде 8 жеке палата бар. Әрбір палатада науқас жалғыз ғана жатады. Науқас бізге дүйсенбіде госпитализацияға келеді. Сосын йодты сұйық түрінде қабылдайды. Сосын емдеу кабинетінен осы палатаға жатады. Әрбір апта біз 8 науқасты қабылдаймыз. Айына 32 науқас болады. Жазда бізге йод апта сайын Алматыдағы Ядролық физикалық институттан әкелінеді.

Бөлімде қауіпсіздік қатаң бақыланады. Раудиоактивті препаратпен емдеу келесі аптада басталатындықтан, түсірілім тобына бөлімшеге кіруге рұқсат етілді. Бірақ бұл ем дом іске қосылған соң іштегі мамандардың өзі арнайы киіммен жүреді. Ал терапиядан өткен науқастар 24 сағат бақыланады.

Құмар Шідербай, ҰҒОО радиациялық қауіпсіздік және физикалық қорғаныс қызметінің радиациялық қауіпсіздікті бақылау инженері:

- Радиациялық қауіп жоқ. Осы бөлімше іске қосылғаннан кейін мұндағы науқастар 5 күн изоляцияда болғаннан кейін олардың сыртқа шығуын радиациялық қауіпсіздік қызметі жүзеге асырады. Бір метр қашықта науқастарда радиациялық фон 20 микрозиверттен аспау керек. Сондай дәрежелер болса, науқас үйге қайтарылады.

Жылына қалқанша безі қатерлі ісігіне байланысты Ұлттық ғылыми онкология орталығында 150 операция жасалады. Ал қосымша ем осы операциялардың тиімділігін арттырып, сырқатпен күресті жаңа деңгейге көтереді деп күтіліп отыр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz