RU
Толық нұсқаға өту

Жүректі емдейтін жандар: Талдықорған дәрігерлері 1500 операция жасады

15.06.2025, 15:40 418

Биыл Талдықорғандағы кардиологиялық орталық дәрігерлері 1500-ден аса операция жасады, деп хабарлайды 24KZ. Оның тең жартысынан астамында жоғары технологиялар қолданылды. Әсіресе онкологтармен бірлескен ота жасау үрдісі отандық және шетелдік дәрігерлердің қызығушылығын тудырып отыр.

Хусан Исманов күніне алты сағаттан тапжылмастан операция жасайды. 16 жылдық тәжірбиесі бар кардиолог биыл 200-ден аса науқастың жүрек қағысын қалпына келтірген.

Хусан Исманов, кардиолог-аритмолог:

- Жұмыс ауыр, әрине. Науқастар өзін жеңіл сезіп, рақмет айтқанда бізге соның өзі жеткілікті. Соның өзі мотивация береді. Сол үшін күндізге қарамай, түнге қарамай, науқастарға көмек жасайық деп жүрміз.

Білікті маманның көмегімен жаңаша өмір сүре бастағандардың бірі – Надежда Ручьёва. Кеудені ашып жасайтын операцияны 78 жастағы әженің денсаулығы көтере алмайтыны анықталған. Сондықтан оның жүрек қалқаншасы тамыр арқылы енгізілген транскатетерлік имплантация әдісімен ауыстырылды.

Надежда Ручьёва, Көксу ауданының тұрғыны:

- Өзімді жақсы сезіне бастадым. Көңіл күйім де көтеріліп қалды. Дәрігерлер мен мейірбикелердің барлығына разылығымды айтамын. Мен қазір 78-де емеспін, 58 жасқа дейін жасардым десем болады.

Ақбота Бақытжанқызы, кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Ол кісіні операцияға дейін мазалағаны – жүрек тұсының күйдіріп ауырсынуы, ентігу, дем жетпеу, бас айналуы. Қазір ол белгілердің бәрі басылды. Қазір ешқандай шу жоқ. Өмір сапасы жақсарды. 

Орталықта жоғары технологиялы 20 түрлі қызмет көрсетіледі. Одан бөлек, кардиологтар мен онкологтар бірлесе операция жасау тәжірибесін енгізіп жатыр. 

Мадияр Өмірбаев, облыстық көпсалалы клиниканың директоры:

- Қазақстан бойынша бұндай ота бірінші рет Жетісу облысында жасалған. Ол нені білдіреді? Ол біздің кардиологиялық клиникада дәрежелері жоғары мамандандырылған кардиохирургтердің бар екенін білдіреді. Сондай-ақ біздің онкологиялық мекемемізге хирургтердің қосылуымен науқасқа екі ота жасамау мақсатында бір мезетте екі әдісті қолдана отырып, осындай тиімді ота жасалды.

Науқастың тез сауығуына ықпал ететін тың тәсіл отандық және шетелдік дәрігерлердің де қызығушылығын тудырып отыр.

Нұрсан Сұрашев, облыстық кардиологиялық орталықтың директоры:

- Операцияны ғылыми журналдарға жібердік. Америкада өте жоғары бағаланып, үлкен ғылыми журналда баспаға шықты және олар хат жазып, баяндама жасауға шақырды. Биыл барып баяндама жасап, жоғары баға алып келдік.

Кардиологиялық орталықтың мамандары жылына 10 мыңнан аса адамды  емдейді. 2500 науқасқа операция жасап, олардың өмір-жасын ұзартуға үлес қосып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz