Былтыр қазақстандықтар биологиялық белсенді қоспалар үшін 150 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметі бойынша бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есе артты. Қазір мұндай өнімдерді кез келген адам дәрігердің нұсқауынсыз сатып ала алады. Алайда ақхалаттылар биологиялық белсенді қоспа ішкеннің бәрі бабына келе қоймайтынын айтады.
Протейн ұнтағы, капсуладағы сарымсақ, ас қорытуға арналған дәрумендер. Астаналық Жанат Қалыбекова осындай бірнеше биологиялық белсенді қоспа қабылдайды. Айтуынша, бұрын оны аллергия, ісік және асқазан-ішек аурулары жиі мазалаған. Биологиялық белсенді қоспалар ішкеннен кейін ғана жағдайы жақсара бастаған көрінеді.
Жанат Қалыбекова, қала тұрғыны:
- Алғашында мұндай қоспаларды ішуге өзім де түбегейлі қарсы болдым. Кейін денсаулығым қатты сыр берген соң дәмін татып көрдім. Содан бері төрт жыл өтті, әлі қабылдап жүрмін. Денсаулығыма оң әсерін тигізіп жатыр. Қазір бұл өнімдерді балаларым да пайдаланады.
Елде БАД саудасы қызып тұр. Өткен жылы қазақстандықтар белсенді қоспаларға 152 млрд теңге жұмсаған. Иммунитетті нығайту, әжім және артық салмақтан арылуға арналған өнімдерге сұраныс жоғары. Олар дәрілік заттарға жатпағандықтан, кез келген адам оңай сатып ала алады. Алайда әр өнімді белгілі бір мөлшерде ғана қолдану қажет. Әйтпесе денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін, дейді мамандар.
Тазагүл Әудекова, дәрілік заттарды сату бойынша кеңесші-маман:
- Кез келген дәруменді дәрігердің нұсқауынсыз қабылдай беруге болмайды. Бір-бірімен сәйкес келмейтіндері бар. Мысалы, Б1 және Б6 дәрумендері өзара тоғыспайды. Керісінше зиянын тигізеді. Кальций мен темір де - бір-біріне қарама-қайшы келеді.
Биологиялық белсенді қоспалар мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Тіркелмеген тауарларды жарнамалауға және сатуға тыйым салынады. Сонымен қатар бұл өнімдер Кедендік одақ талаптарына сәйкес болуы шарт.
Данагүл Қасқатаева ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Биыл 60-тан астам қоспадан сынама алынып, сараптамаға жіберілді. Зерттеу нәтижесінде өнімдердің 14,7 пайызы тиісті талаптарға сай болмай шықты.
Наурыз айынан бастап елде Биологиялық белсенді қоспалар саудасына бақылау күшейтілді. Өнімдерді цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы заңсыз тауар айналымын қадағалау оңаға түспек.
Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев, Қанат Махмұтов
Тегтер #Қазақстан #биологиялық белсенді қоспа #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz