Жобалар өңірді дамытуға арналған кешенді жоспар аясында іске асырылады.
Нысандар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласына жасаған сапары барысында мәлімдеді.
Облыстық қан орталығына жыл сайын он мыңға жуық донор келеді. Мұнда жиналған қан мен оның компоненттері тәулік бойы аймақтың 20 медициналық ұйымына жіберіледі. Қазіргі таңда мекеме бірінші санаттағы аккредитациядан өткен. Жыл сайын орталықтан көмек алатын рецепиенттер саны артып келеді. Соған қарамастан мекеменің жеке ғимараты жоқ. Қан орталығы 17 жылдан бері жалға алынған ғимаратта жұмыс істеп келеді.
Айгүл Әлжанова, облыстық қан орталығының директоры:
- Бұрын Шығыс Қазақстан облысына қарасты болған бірқатар медициналық мекеме бізге қосылғаннан кейін донорлар саны екі мыңға артты. Қанға деген сұраныс та өсті. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешімін табуда. Қан орталығының жеке ғимаратының құрылысы Абай облысын дамыту жоспарына енгізілді.
Өңірде балаларға арналған жеке аурухана жоқ. Бүгінде кішкентай науқастар университет госпиталі жанындағы стационарда ем қабылдап жатыр. Бұл ғимарат осыдан елу жылдан астам уақыт бұрын салынған. 146 төсекке арналған стационарда орын тапшылығы байқалады. Осыған байланысты Семейде жаңа облыстық балалар ауруханасын салу жоспарланған. «Ал жаңа нысан іске қосылғанға дейін, қолданыстағы стационарды заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтау қажет», дейді мамандар.
Раушан Кікімбаева, госпиталь директорының орынбасары:
- Қалада МРТ қызметін көрсететін бірнеше жеке клиника бар. Бірақ балаларды оған дейін жеткізу қажет болғандықтан, олардың жағдайына теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан стационарға өзіміздің МРТ аппараты қажет.
Абай облысын дамытудың 2027 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, өңірде тағы екі ірі медициналық нысан салынады. Оның бірі облыстық көпбейінді аурухана болса, екіншісі – университеттік клиника. Әр мекеме 300 орынға есептелген. Жобалардың орындалуын Сенат депутаты жеке бақылауға алатынын айтты.
Гүлім Советқан, Ботагөз Дандыбаева, Медет Өмірханов
Тегтер #Абай облысы #медициналық мекеме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz