Жапонияның «Шова» медицина университетінің дәрігерлері сырқаттанған адам ағзасының 3D көшірмесін жасайтын бағдарлама ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл тың технология дәрігерлерді оқытуда да, кеселдерді емдеуде де пайдалы. Мысалы, ол эпилепсияның нақты себебін анықтап, одан айығуға көмектеседі. Жобаға қатысып жатқан үш ғалымның арасында қандасымыз Әбдібек Қалибек те бар.
Владислав Цой, тілші:
- Тірілген көбелектер мен динозаврлардың бейнесі бүгінде ешкімді таң қалдыра алмайды. Дегенмен, Жапониядағы медицина университеті жасанды интеллекттің көмегімен адам ағзаларының табиғи өлшемдегі көшірмесін жасап шықты. Дубликатта тек жүрек пен ми ғана емес, олардың жұмысындағы ақаулар да айқын көрінеді. Бұл жобаның авторы – нейрохирург Сато Йосуке. Оның бірегей әдістемесі эпилепсияның нақты себебін тауып, одан арылуға көмектеседі. Ол үшін науқастың басына датчиктер қойылады, ал мидың 3D көшірмесінде зақымданған аймақ анық көрінеді. Мұндай нәтижеге компьютерлік томография немесе магниттік-резонанстық томография арқылы жету мүмкін емес.
Сато Йосукэ, Ми функцияларын зерттеу және цифрлық медицина ҒЗИ директоры:
- Бұл технологияның көмегімен біз дәрігерлерді оқыту процесін қысқарта аламыз. Сонымен қатар бұл телемедицинаның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мысалы, мен Жапонияда отырып-ақ Қазақстанда немесе басқа елдерде жоғары деңгейдегі операциялар мен ем жүргізе аламын. Болашақта мұның әбден мүмкін болатынына сенемін.
Жасанды интеллектті медицинада қолданудың тағы бір артықшылығы – нейрохирург операция кезінде көріп тұрған бейнені басқа дәрігерлерге де нақты уақытта тарата алады.
Косукэ Танака, «Шова» медицина университетінің ассистент-профессоры:
- Нейрохирургиялық операция кезінде тек операцияны жасап отырған хирург қана 3D бейнені көреді. Ассистенттер мен басқа қызметкерлерге 2D суреті көрсетіледі. Бұл – мәселе. Себебі қауіпсіз әрі сапалы операция жасау үшін 3D бейне барлық команда мүшелеріне нақты уақытта қолжетімді болуы керек. Бұл технология енгізілсе, операциялардың сапасы айтарлықтай артады.
Нейрохирург Сато Йосуке жасанды интеллектті медицинаға енгізуде ассистенттері Косукэ Танака және Жапония азаматы Әбдібек Қалибек немесе Такахаши Джуничиромен бірге жұмыс істейді. Әбдібек бірнеше жылдан бері Жапониядағы қазақтар қауымдастығын басқарады. Балалар хирургы уақытын негізінен жасанды интеллектке арнайды, бірақ айына бір рет жапон мұсылмандарының өтініші бойынша балаларды сүндетке отырғызады. Дәрігер Қалибектің арманы – Қазақстан медицинасының дамуына үлес қосу.
Әбдібек Қалибек, «Шова» медицина университетінің ассистент-профессоры:
- Енді келешекте осы жақтағы мамандарды ертіп барып, Қазақстандағы әріптестерімен бірге, аздап болса да, Қазақстанның медицинасын үш жыл, бес жыл, алты жыл, 10 жыл, немесе келешекте Жапониямен бірге сұхбаттасып, кеңес айтып отыра алатын дәрежеге жетеміз деген арманым бар. Осы аппарат, мысалы, Қазақстанға өте қажет деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанда отырып, Алматыда отырып, анау ауылда отырып, бір экранмен, мысалы, бір аурудың проблемаларын талқылауға болады, көруге болады. Әріптестер арасында көптеген ақпарат алмасуға болады.
Нейрохирург Сато Йосуке мен оның ассистенті Әбдібек Қалибек қазан айында Қазақстанға сапарлап баруды жоспарлап отыр. Назарбаев университетінде доктор Сато жаңа технологияларымен және тәжірибесімен бөліспек.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Жапония #медицина #жасанды интеллект #инновацияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz