Елімізде жыл сайын екі мыңнан астам балаға жүрекке күрделі операция жасалады, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде жүрек ақауымен дүниеге келген 1500 нәрестеге хирургиялық көмек көрсетіледі. Мұндай ем-шара олардың өмір сүру мүмкіндігін 93%-ке дейін арттырады. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен «Балалар ауруларын емдеудегі сарапшылардың пәнаралық консенсусы» атты халықаралық ғылыми конференцияда мәлім болды.
Конференцияға елімізден бөлек, Ресей, Орталық Азия елдері, Түркия, Қытай, Еуропа мен АҚШ-тан жетекші сарапшылар қатысты. Басқосуда балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау, ауруды ерте анықтау, емдеудің жаңа тәсілдері мен биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Мамандар балалар педиатриясы мен хирургиясына енгізілген жаңа инновациялық әдістерді жайында пікір алмасты.
Зәуреш Аманжолова, «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» директорлар кеңесінің төрағасы:
- Жатырдың ішінде жатқан балаға қазір операция жасай аламыз. Бұл Алматыда, Астанада жүріп жатыр. Түркістанда енді-енді басталды. Соны жан-жақты ары қарай жетілдіру, себебі туа біткен жүрек ақауы – бірінші орында ол жүрек қан тамырларының потологиясы. Жаңа туған нәрестенің хирургиясын дамыту. Қазір соны түркістандықтар алдына мақсат етіп отыр.
Қазір елімізде шала туған нәрестелерге жасалатын ретиналдық лазерлік коагуляция операциясы жақсы дамып келеді. Өткен жылы осы әдіспен 400-ден астам нәрестеге ота жасалып, емдеу тиімділігі 99%-ке жеткен. Осы бағыттағы медицинаның соңғы жетістіктері Түркістанда да жүзеге асатын болды.
Асхан Байдуалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Біздің №3 перинаталдық орталығында бұл жұмыстар басталып кетті. Бас дәрігер Ардақ Керімханұлы соның оқуын оқып келген. Америкада, Ресейде соны қазір біздің жұмыстарымызға енгізіп жатыр. Ол біздің нәрестелерімізге, аналарға сау балаларын ары қарай тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді.
Конференция аясында шетелдік дәрігерлер Түркістан қалалық балалар ауруханасына арнайы барып, орталықтың жұмысымен танысты. Өз тәжірибелерімен бөлісіп, дәрігерлерге кеңес берді. Мамандар бұл форум педиатрия саласында ортақ ұстаным қалыптастырып, балалар денсаулығын қорғау ісінде жаңа стандарттарды енгізуге зор серпін беретінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #балалар #жүрек аурулары #күрделі операцияларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz