RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде ЖИ-мен жабдықталған медициналық ахуал орталығы ашылды

02.10.2025, 22:24 492

Ақтөбеде жасанды интеллект қолданылатын ахуал орталығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Облыстық көпсалалы аурухана жанынан құрылған нысанда радиологиялық зерттеулер жүргізіледі. Заманауи цифрлық жүйе қатерлі ісікті дер кезінде анықтайды. Сонымен қатар медицина ұйымдарының қызмет сапасын назарда ұстайды.

Шалқарлық дәрігерлер көпсалалы ауруханадағы әріптестерінен кеңес сұрап, науқасты емдеу әдістерін талқылап отыр. Ахуал орталығындағы телемедицина онлайн консилиум құрудан бөлек, түрлі талдау нәтижелерін жедел сараптауға мүмкіндік береді. Ол үшін жүйеге рентген кескіндерін жүктеу қажет.

Әділбек Исмайылов, облыстық көпсалалы аурухана жетекшісінің орынбасары:

- Рентген және компьютерлік томаграфия тексеруі кезінде алдын ала жасанды интелект осы рентген суретін оқып, өзгеріс болуы мүмкін жайттарды дәрігерге көрсетеді. Бұл дегеніңіз ЖИ дәрігерді алмастырады деген емес, бірақ іс жүзінде дәрігерге көмек ретінде бағыт бағдарлаушы қызмет көрсетеді. Әрі қарай дәрігер шешім қабылдайды.

Ахуал орталығындағы дәрігерлер осы әдіспен 27 науқастың рентген кескінін талдаған. Негізінен неврология, нефрология, гастроэнтерология, кардиология және эндокринология бағыттары қамтылды. Мамандардың айтуынша жасанды интеллект кейбір диагноздардың нақтылығын 34%-ке дейін арттырған.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

- Президенттің тапсырмасы бұл барлық салаларды жаппай интелектуалдық, соның ішінде мына цифрландыру мәселесін үш жылда іске асыру. Соның ішінде біз алғашқы осы медицина саласын толық цифрландлыру мәселесін қолға алдық. Себебі ең маңызды біз үшін адамның денсаулығы. Жаман ауруларды алдын ала анықтау, бірінші стадия болған кезде тез арада ем алуға мүмкіндігі болады.

Облыстағы барлық ірі аурухана қосылған ахуал орталығы күндіз-түні жұмыс істейді. Жасанды интелектінің көмегімен медициналық ұйымдардың қызметі бақыланып, дәрі-дәрмек қоры мен індет ошақтары қадағаланады. Жүйеге түсетін жүктеме сарапталады. Қазір телемедицина қызметі өңірдің шалғай елді мекендерін толық қамтыған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz