Қарағанды облысының травматолог және ортопед мамандары жасанды интеллект мүмкіндігін кеңінен пайдалана бастады.
Дертті ерте анықтау, диагноз қою, операция жасау ісінде жасанды интеллектінің көмегі зор-дейді мамандар. Облыс орталығында өткен ғылыми-практикалық конференцияда әлемнің жетекші травмотологтары мен ортопедтері науқасты оңалтудың заманауи тәсілдерін талқылады. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде жасанды интеллект пен сандық технологияның жетістіктері көрсетілді. Халықаралық шара профессор Хафиз Мақажановтың туғанына 110 жыл толуына орай және Қарағанды медициналық университетінің 75 жылдығына арналды.
Еліміздің травматология және ортопедия саласында операцияны 3D-мен жоспарлап, роботтың көмегімен жасау және күрделі эндопротездеу кеңінен қолданыла бастады. Ғылыми -практикалық конференция аясында өткен көрмеде осы озық технологияның жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.
Андрей Хиловский, АРЕХ СО компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры:
- Бұл робот сүйекті аса дәлдікпен кеседі. Денені зақымдамай, өте күрделі хирургиялық операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Барынша аз мөлшерде кесіп, сау тіндерді сақтай аламыз.
Конференцияға Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да елдердің ғалымдары мен тәжірибелі хирургтары келді. Олар травматология, ортопедияға қатысты заманауи тәсілдерді талқылады.
Ораз Тәуірбеков, облыс әкімінің орынбасары:
- Денсаулық сақтау саласына оң серпін беретіні сөзсіз. Бұл жерде тәжірибе алмасып қана қоймай, ең заманауи практиканы алуға мүмкіндік береді.
Халықаралық шараның тәжірибелік бөлімінде дәрігерлер анатомиялық материалдармен жұмыс істеп, күрделі операция жасауды үйренді.
Олжас Бекарысов, Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:
- Бұл заманауи жетістіктер тек Астанада ғана емес, Қарағандыда да қолданысқа енгізіліп жатыр. Мұнда Мақажанов атындағы қуатты орталық жұмыс істейді. Мықты мамандар шоғырланған, сондықтан бұл технологияларды кеңінен қолдануға толық мүмкіндік бар.
Конференция барысында травматология және ортопедия саласының ардагерлері, озат дәрігерлер марапатталды.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #медицина #жасанды интеллект #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz