Қаңтар айынан бастап қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы мен аутоиммунды сырқаттар әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінен алынып тасталады.
Бұрын олар туберкулез, эпилепсия және орфандық аурулар сынды кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімінде тұрса, енді МӘМС жүйесіне көшеді. Осыған байланысты, созылмалы сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндердің ата-аналары тарапынан әлеуметтік желіде қазір қызу талқы жүріп жатыр. Басым бөлігі «баламыз мемлекеттік тегін медициналық көмектен қағыла ма?» деп алаңдаушылық білдіруде. Расында солай ма? Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңа өзгеріс емге мұқтаж жандарға қалай әсер етпек?
Ес білгелі есепке жүйрік Дінмұхаммед, осымен, 6-шы жыл қатарынан оқу озаты. Дендеген дертіне қарамастан, эстрадалық вокал, актерлік шеберлік, шешендік өнер сынды түрлі өнерді игеріп, қысқа уақытта сан мәрте республикалық байқаулар жүлдегері атанып үлгерген.
Гүлімшат Батырбекова, қала тұрғыны:
- Дінмұхаммед 26 аптада 1 кг болып өмірге келді. ДЦП диагнозын екі жас сегіз айында қойды. Басында шалалық деп кішкене сенбеп едік. Үш жасында бала жүрмей, еңбектемей, уақытында дамымады. Содан кейін барып Қытайға алып ұштым иығыма салып. Үкіметтен берілген көмек сол – үш жасында мүгедектік беріп, ай сайын төлейтін төлемақы төлейді. Балаға - 80 мың, маған - 65 мыңдай беріледі.
«Алайда сал ауруына шалдыққан жеткіншектің күнделікті ем-домын ескерсек, бұл сома жартысына да жетпейді», - дейді ата-ана. Мәселен, баланың буынын қатайтуға арналған мына бір ортез құралының құны 450 мың теңгені құрайды. Оны алмасқа амал жоқ. Себебі қас қарайғанда баланың буыны қақсап шыдайтпайтын көрінеді. Ал жеткіншектің сіңірін созып, аяқтарының нық басуына септігін тигізетін мына бір құрылғылардың бағасы тіптен қымбат. Алайда бауыр еті баласының амандығы үшін ата-ана жалақысынан жырып, керекті қондырғыны түгелдей өз қаражаттарына алған.
Балалар церебралды сал ауруына шалдыққан жеткіншектерге мемлекеттік қолдау ретінде емдік және адаптативті физикалық жаттығулар, дефектолог, логопед, психолог мамандардың көмегі ұсынылады. Алайда ата-ананың айтуынша, ауылдық аймақтарда тұратын өзге де ата-аналарға мұндай көмекті алу қиын. Алғанның өзінде кезекті апталап, кейде айлап күтуге мәжбүр. Енді аталмыш дерт әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімнен алынып тасталса, соның өзін алу қиынға соқпай па деп алаңдаушылық танытуда.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізбесінен қант диабеті, балалар церебралды ауруы, аутоиммунды ауруларды тізімнен шығарып тастау бойынша талқылау жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда министрлік тарапынан айтқымыз келетін, барлық осы аталған аурулар әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінен шығарылғанымен, толыққанды мемлекет тарапынан өзінің медициналық көмекті алу, оның ішінде тегін медициналық көмек, дәрімен қамтамасыз етумен толық қамтамасыз етіледі, бұл кепілдіктер сақталады.
Демек жауапты министрлік өкілінің сөзіне сенсек, қаржыландыру көзі ғана өзгереді. Ал науқасқа қажетті ем-дом шаралары міндетті әлеуметтік медсақтандыру арқылы жүзеге аспақ. Сонда өзгеріс қажеттілігі неде?
Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Бұл заңды қабылдамас бұрын, елдің демографиялық және экономикалық факторларына терең зерттеу жүргізді. 2015-2025 жылдары бізде халықтың жалпы санының жеті пайызға өсуі байқалады. Екіншіден, 60 жастан асқан азаматтарымыздың 28 пайызға дейін асуы байқалады. Яғни бұл жерде мемлекеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелерін толығымен теңестіру мақсатында қаржыландыру көзін ауыстырып отырмыз.
Сәйкесінше, тізімнен шығарылған аурулар бойынша, науқастар емдік шараларды созылмалы сырқаттар тізбесі және мүгедектік статусы арқылы, МӘМС жүйесіне тіркеліп, тегін түрде ала алады. Қазір денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, елде 28 мыңға жуық азамат церебралды сал ауруына шалдыққан. Ал оның 99 пайызы МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылыпты.
Авторлары: Назым Кенжебай, Ғалымжан Абдылахат, Марат Диханбаев
Тегтер #сал ауруы #МӘМСPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz