RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО нейрохирургтері озық үлгідегі 15 операция түрін меңгерді

14.11.2025, 08:30 341

Шығыс Қазақстан облысының нейрохирургтері жоғары технологиялы операцияның 15 түрін меңгерді, деп хабарлайды 24KZ. Алматы мен Астанадан барған білікті мамандар инновациялық медицина орталығының қызметкерлеріне шеберлік сабағын өткізді. Яғни денеге тілік салмай жасалатын отаның түрлерін көрсетті.

Ерлан Сағындықов адамның қан тамырына операция жасайтын еліміздегі ең мықты хирургтардың бірі. Жоғары санаттағы дәрігер Өскеменге келгелі 17 науқасты ажалдан аман алып қалды. Қазір де кезекті отандасының өмірі үшін күресіп жатыр. Небәрі 14 минутта жіптей жіңішке тамырларды кесіп, қайта жалғаған ол жүрек талмасының алдын алды. Ота кезінде оған жергілікті мамандар көмектесті.

Жасұлан Бегалинов, хирург:

- Бұл операцияны біз ағзаның бір бөлігіне ғана енгізілген анестезия арқылы жасадық. Яғни науқас ота кезінде ес-түсін біліп жатты. Сонымен қатар ішкі және ұйқы артериясын қысқанда миға қандай әсері болатынын сынап көрдік.

Ал Наталья Ткаченко үшін қиындықтың бәрі көрген түстей естелік болып  қалды. Науқастың басына мұрын қуысы арқылы өте күрделі операция жасалған болатын. Қазір ол оңалту кезеңінен өтіп жатыр. 

Наталья Ткаченко, қала тұрғыны:

- Екі айдан кейін қалыпты өміріме қайта ораламын деп ойлаймын. Қазірдің өзінде дәрігерлер ептеп қимыл, қозғалыс жасауыма рұқсат берді.

Аймақ дәрігерлері отандық және еуропалық әріптестерімен тұрақты түрде тәжірбие алмасып, білім білігін арттырып тұрады. Соның нәтижесінде нейрохирургтар кейінгі бес жылда 15 озық үлгідегі операция жасауды меңгерді. Оңалту әдістерін де жетілдіріп, медициналық қызмет сапасын жақсартты.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz