RU
Толық нұсқаға өту

О. Бектенов Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың қызметімен танысты

17.11.2025, 11:45 482

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусын аралады. Нысанда жылына 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел операция, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы және 330-ға жуық трансплантация жасалады.

Саланы қаржыландыру кейінгі үш жылда 6 есе артты. Жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мекемеде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің зәкірлік орталығы мәртебесін алу үшін бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Бұл оның Орталық Азиядағы ядролық медицина саласының жетекші хабына айналуына ықпал етеді.

Сонымен қатар радиофармпрепараттар өндірісінің толық циклін игеру шаралары қолға алынды. Қазір 18-фтордезоксиглюкоза препараты шығарылады. Алдағы уақытта тағы 13 дәрілік затты өндіру жоспарда бар. Бұл жылына 12 мыңға жуық зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Йод-131 препараты негізінде ем жүргізілетін бөлімше жылына 300-ден астам науқасты қабылдайды. Биыл бес айда мұнда 80 адам емделді. Радиофармпрепараттармен емдеуді өңірлерге қолжетімді ету үшін Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбеде қосымша палаталар ашылады.

Жанар Жақыпбекқызы, ҰҒОО протондық терапия бөлімінің сәулелік онколог-дәрігері:

- Біздің пациенттер жоғары сапалы аппараттармен тегін ем алып жатыр. Алдымызда тұрған МРТ Philips Ingenia 1.5T аппараты. Бұл протондық терапияда МРТ симуляциясы үшін қолданылады. Жұқа тіндерді аса жоғары дәлдікпен көрсетілуімен ерекшеленеді.

Медициналық нысанда Varian желілік үдеткіштері орнатылған 7 радиациялық онкология бункері жұмыс істейді. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең алғашқы протон терапия орталығы бар. Мұндай қондырғылар бүгінде әлемнің тек 24 елінде ғана жұмыс істеп тұр. Гибридті операциялық залдарда дәрігерлер ми, жүрек сынды маңызды ағзаларға 350-ден астам жоғары технологиялық операциялар жасайды. 250-ден астам маман әлемнің жетекші онкология орталықтарында заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, тәжірибе жинаған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz