RU
Толық нұсқаға өту

Алматыдағы кардиологиялық орталықта жүрек алмастырылды

24.11.2025, 23:25 499

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен күту тізімінде тұрған 34 жастағы ер адамға инсульт алған 50 жастағы әйелдің жүрегі салынды. Марқұмның туыстарының келісімімен басқа донорлық ағзалар да трансплантацияланды.

«Донор артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырған», - дейді дәрігерлер. Инсульт алғаннан кейін ол шұғыл түрде Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер ми өлімін тіркеген. Консилиум пациенттің өлімнен кейінгі донор бола алатынын, яғни ағзаларын өзге науқастарға салуға жарайтынын растады. Туыстары келісім беріп, донорлық процесс ұйымдастырылды. Операция бес сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды. Жүрек трансплантациясын Алматы қалалық Кардиологиялық орталығының және UMC корпоративтік қорының дәрігерлер тобы орындады. 

Юрий Пя, профессор,  UMC КҚ  басқарма төрағасы:

-  Қайтыс болған пациенттің ағзаларын донорлыққа беруге келісім берген оның туған-туыстарына алғысымды білдіргім келеді. Бүгін Алматы қалалық кардиологиялық орталығында алғашқы жүрек трансплантациясы жасалды. Операция орталықтың басшысы Ермағамбет Мұқанұлының жетекшілігімен жүргізілді. 

Марқұмның туыстарының келісімімен басқа ағзалары да трансплантацияланды. Бүйректер Ұлттық ғылыми хирургия орталығына жіберілді. Оның бірі — 15 жастағы науқастың, екіншісі —  30 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Көздің екі қасаң қабығы тағы екі науқасқа салынды. 

Айта кетейік, осы айда Алматы қалалық кардиологиялық орталығы ресми түрде жүрек трансплантациясын жүргізуге уәкілетті медициналық ұйымдар тізіміне енгізілді. «Бұл пациенттеріміздің өмір сапасы мен ұзақтығын арттыруға қажет операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді Қалалық кардиология орталығының директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz