RU
Толық нұсқаға өту

ЖРВИ: дәрігерлер сақтыққа шақырды

26.11.2025, 21:27 326

Астанада күз-қыс маусымына тән жедел респираторлық вирустық инфекциялар кезеңі басталды. Осыған байланысты қалада сырқаттанушылар саны азаймай отыр. Бұл жыл сайын қайталанатын табиғи эпидемиологиялық кезең болғанымен дәрігерлер ата-аналарға сақтықты күшейтуді ескертіп жатыр.

Елордадағы ЖРВИ ахуалы бақылауда болғанымен қауіп толық сейіле қойған жоқ. Эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақты, алайда аяқ асты асқынулар жиілеп тұр. Бұл әсіресе дәрігерге кеш жүгінетін отбасыларда байқалады. Балаларға арналған фильтрлік кабинеттерде жұмыс қарқыны күшейді. «Вирус белгілері байқалғанда ата-аналар бірден фильтрлік кабинетке жүгінуі керек», - дейді дәрігерлер. Себебі алғашқы белгіні жеңіл қабылдау немесе үйде ұзақ уақыт ем жасау аурудың асқынуына әкеледі.

Айжан Анарбаева, қала тұрғыны:

- Бізде дене қызуы жоғары болды. Содан кейін мұрнынан су ағуы тоқтамағаннан кейін осында жатқызды. Жансақтау бөліміне алды, балаға қан құю керек болды. Өйткені жағдайы нашар еді. Қазір жағдайы жақсы.

Ата-аналар көп жағдайда дене қызуын түсіретін дәрілерді дұрыс мөлшермен бермейді. Мұндай препараттар баланың жасына және салмағына сәйкес есептелуі қажет. Дозаның көп немесе аз болуы ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәрілер әр алты сағат сайын ғана берілуі тиіс.

Абайдахар Нұрлан, № 3 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының меңгерушісі:

- Дене қызуы дегеніміз не? Ол ағзаның вирусқа деген реакциясы. Кез келген вирус ағзаға түскен кезде организм өздігінен күресу арқылы дене қызуын көбейтеді. Сол себепті температураны 38,5 градустан жоғарылаған жағдайда дене қызуын арнайы дәрілермен түсіру қажет.

Тек тырысу синдромы бар балаларда бұл көрсеткіш 37,5 градустан аспауы тиіс. Бұл топтағы балалар ерекше бақылауды қажет етеді. Әрбір ата-ана маусымдық вирусқа салғырт қарамай, алғашқы белгіден бастап дұрыс әрекет етсе, аурудың алдын алуға болады. «Жауапты әрі уақтылы қадам – әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты шарт», - дейді ақхалаттылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz