Алматы облысының Тегістік ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Шалғай елді мекен тұрғындары енді алғашқы медициналық көмекті өз ауылында алады. Сонымен бірге Райымбек ауданында Тәуелсіздік күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Райымбек ауданындағы Тегістік ауылында жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 1500 тұрғыны бар ауылда 1976 жылы салынған бұрынғы ғимарат апатты деп танылған. Жаңа нысан қажетті медициналық жабдықтармен қамтылып, заманауи инженерлік жүйелермен толық жабдықталған.
Ғалым Жусанбаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:
- 2024 жылы құрылысы ауыспалы нысан ретінде басталған болатын. Жобаның құны 496 млн теңге. Бүгінгі таңда құрылысы толықтай аяқталып, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел игілігіне ұсынып жатқан жайымыз бар, ауыл тұрғындарының, халықтың алғашқы жәрдем алуына күнделікті, күндізгі уақытта келіп ем алуына барлық құрал-жабдықтармен қамтылған.
Сонымен қатар Тәуелсіздік күніне орай аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. “Шараның басты мақсаты, нарықтағы бағаны тұрақтандарып, аудан өндіретін өнімдерді көптеп сату” - дейді ұйымдастырушылар.
Мергенбай Тоқтасын, Нарынқол ауылының тұрғыны:
- Біздің негізгі Райымбек ауданының айналысатыны ауыл шаруашылық бағытында жұмыс істейді. Егін егеді, мал өсіреді, астық, картоп. жаз бітіп, науқан, жиын-терін бәрі жиналып, бүгін енді ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа ұсынып, дүкендерге қарағанда арзан, қолжетімді бағалармен, халыққа қызмет істеп жатқан жайы бар.
Мерекелік шара “Екі жұлдыз” өнерлі жұптар байқауымен жалғасты. Ауылдық және аймақтық кезеңдерден өткен өнерпаздар аудандық финалда бас қосты. Қатысушылардың бірі Сарыжаз ауылынан келген Нұрболат пен Гүлжан. Олар балық шаруашылығымен айналыса жүріп, өнер байқауында да бақ сынауда.
Нұрболат Абайұлы, байқауға қатысушы:
- Шаруашылықтың басында негізі күнде кешке өзіміз, қазір дамыған заман ғой, телефонды қосып қойып дайындалдық. Әрине бұндай жобалар керек ауылға. Ауылдың руханиятына керек. Ауыл ұйықтап қалды ғой негізі, көп нәрселер өтпейді.
Жеңімпаз жұпқа 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Гүлім Советқан, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #фельдшер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz