RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-дағы ауылда дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі

15.12.2025, 08:25 272

Шығыс Қазақстан облысындағы Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын.

Мердігер компания маңызды нысанды жыл соңына дейін қолданысқа береміз деп отыр.

Өңір басшыларының айтуынша бұл ауыл-аймақтағы медициналық мекемелерді жаңартуға арналған шаралардың тек бастамасы ғана. Өйткені аудан орталығында осыдан 57 жыл бұрын салынған жұқпалы аурулар емханасының тозығы жетіп әрең тұр. Көпшілікті салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген орталық аурухананың да жай-күйі алаңдатады.

Волчанка ауылы үшін салынып жатқан бұл дәрігерлік амбулаторияның маңызы айырықша. Осыған дейін ескірген әрі тар мекемеде ем алуға мәжбүр болып келген мұндағы жұрт енді заманауи медициналық нысанға қол жеткізеді. 1500 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар мекеме ай соңына дейін ашылып, маңайдағы бірнеше елді мекенге қызмет көрсетеді.

Алайда аудандағы денсаулық сақтау саласында өзекті мәселе көп. Әсіресе орталық аурухананың бүгінгі жағдайы науқастарды да, дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Салынғалы бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген ғимараттың тозығы жеткен. Тар дәлізде жүріп тұру қиын. Сылағы түскен қабырғалар, ағашы шіріген терезелер ем іздеп келген адамның еңсесін басады, дейді науқастар.

Ольга Савельева, ауыл тұрғыны:

- Аурухананы жаңартатын кез келді. Жұқпалы аурулар бөлімі тіпті ескіріп тұр. Қызым сонда жатып шыққан еді. Ауылға заманауи  емхана керек.

Ал инфекциялық емхананың сыртына қарап оны емдеу мекемесі деуге аузың бармайды.

Александр Строкань, аудандық аурухана бас дәрігерінің м.а:

- Өңір халқы бұл нысандардың жаңартылуын күтіп жүр. Аудандық аурухана 1970 жылы салынған,ал жұқпалы аурулар бөлімшесі одан да ескі. Ол тіпті санитарлық эпидемиологиялық талаптарға да сай емес.

Дегенмен, жергілікті билік алдағы жылы бұл мәселелер шешім табады деп сендірді. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа емхана құрылысы басталады. Ал аудандық аурухана облыстық бюджет есебінен жөнделеді.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

- Келер жазда аудан орталығында жұқпалы аурулар емханасымен қатар амбулатория ғимараты да салынатын болады. Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Осылайша шалғайдағы елді мекен тұрғындары барынша сапалы медициналық қызметпен қамтылады. Жалпы «Ауылдағы денсаулық саласын жаңғырту» бағдарламасы аясында облыста бүгінге дейін 18 медициналық нысан қолданысқа берілді.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz