Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында бір күнде үш бірдей трансплантациялау операциясы сәтті өтті. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы тұрақты. Соңғы екі жылда өңірде бауыр мен бүйрек ауыстыру операциялары жиі жасалып жүр. Бұл – аймақ медицинасындағы оң өзгерістердің нәтижесі, - дейді мамандар.
Операция жасалған үш науқасқа да туыстары бүйрегін берді. Қазір олар тиісті ем-домын алып жатыр, - дейді дәрігерлер. Соңғы екі жылда облыстық көпбейінді ауруханада 11 трансплантациялау жасалды. Оның ішінде бір адамның бауыры ауыстырылды.
Жасұлан Баймаханов, облыстық Көпбейінді аурухананың бас дәрігері:
- Транплантация жасаған науқастар Астанаға, Алматыға баруға мәжбүр болатын. Үлкен республикалық орталықтарда трансплантация жасауға. Қазір біз өзіміздің жерлестерімізге Облыстық медициналық орталығында жасап жатырмыз. Өзіміз қараймыз, өзіміз дайындаймыз операцияның алдында барлық диагностиканы. Отадан кейін біздің әріптестеріміздің бақылауында толық жүреді. Бұрынғыдай Алматы, Астанаға баруға қазір қажет емес.
Трансплантация бағдарламасын іске асыру үшін өңірде заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл мақсатқа екі жарым миллиард теңгеден астап қаржы жұмсалды. Сонымен қатар дәрігерлер еліміздегі және шет елдегі ғылыми орталықтарда біліктілігін арттырып, тәжірбие жинады.
Олжас Ысқақов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Заманауи бір жарым теслалық МРТ аппараты, 128 кескіндік КТ аппараты қойылды. Заманауи УЗИ аппараттары, науқастарға қажетті барлық ауыр техникалар қайтадан жаңғыртылып барып, біз осы жұмыстарды бастадық. Мамандарымыздың бәрі біліктілігін алыс-жақын шетелден арттырған. Сызғанов ғылыми орталығы әрбір біздің отамызға курациясын жүргізіп, методикалық көмегін көрсетуде.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар жалғасады. Болашақта мәйіттік донордың органын трансплантациялау жоспарланған. Айта кетейік, соңғы үш жылда облыстағы медициналық мекемелердің 87,5 пайызы жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл мақсатқа 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда облысы #трансплантация #бүйрек #операцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz