RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде дәрі-дәрмек 15%-ға арзандады

25.12.2025, 19:30 203

Елде бес айдың бедерінде дәрі-дәрмек 15 пайызға арзандады.

Жауаптылар осылай дейді. Дегенмен, алда фармацевтикалық өнімдердің құны өсуі мүмкін. Себебі бағаларды бақылау бәсеңдеп, бірнеше мың тауар құны нарық ырқына жіберіледі. Қадағалау кемшін кезде қымбатшылық халықтың қалтанысына қырын келетіні белгілі. Басы ауырып, балтыры сыздаған бұқараға билік қалай болысады?

Астаналық Әзиза Қайырова екі жыл бұрын ауырып ем іздеді, енді ауырмайтын жол іздеп жүр. Сондықтан дәрі-дәрмекпен дос. Дәріханаларға жеті келетін ол баға райын бақылауды ұстаймын дейді. Бүгін байқағаны, тұрақты тұтынып келген өнімі айтарлықтай арзандапты. 

Әзиза Қайырова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен эутирокс ылғи қолданамын. Соны алып кетуге келдім. Бағасы, иә, нормально, вот жылдың басында 2 мыңдай болды, қазір вот алдың 1570 теңгеден. Өзгереді, иногда қымбаттайды. иногда арзандайды. Енді оны себебі не болды айта алмаймын, келемін, аламын, маған керек зат қой, алам кетем. 

Дегенмен, халықтың қал-жағдайына қарағанда қалтасының қамын артық көретін  дәріхана иелері де бар. Жыл басынан бері 13 кәсіпкер өнім құнын негізсіз көтерген. Қымбатшылықты қолдан ұйымдастырғандар 2,6 млн теңге айыппұл арқалады. Айталық, бүгінде 5 мыңнан астам дәрі-дәрмектің бағасын билік өкілдері бекітіп, баға бағамын бақылауда ұстайды. Ал нарықта 7 мың тауар түрі тіркелген.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Бізде мобильдік қосымша бар, "Dari KZ", "NAQTY ONIM"  деген. Сол кез келген азамат дәрі-дәрмекті сатып алатын кезде сол мобильді қосымшадан дәрінің шектік бағасын көре алады. Егерде сатып алынған кезде дәрілік заттың бағасы шектік бағадан жоғары болатын болса, онда біздің де өтініш жасап беруге болады.  

Ал елде 2 мың дәрі-дәрмектің құны қадағаланбайды. Алда бұл саптағы тауарлардың саны айтарлықтай артады. Жауаптылар тағы екі мың өнімнің құнын нарық ырқына жіберуді жоспарлап отыр. 

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Келесі жылдан бастап мысалы 1 МРП төмен дәрі-дәрмекті бекітпей, оны нарыққа жіберу жоспары бар. Ол дегеніміз енді тағы бір 2 мың дәрі-дәрмектің бағасын біз бұйрықпен бекітпейтін боламыз. 

Қымбатшылық қос бүйірден қысса қайтпек керек?! Ендігі үміт отандық өндірушілерде. Импорттың үлесі азаймай, бағаны бір қалыпта ұстау қиын. Айталық, елде 200 астам дәрі-дәрмек зауыты бар. Олар он айда 156 млрд теңге тұратын өнім өндірген. Бұл дегеніңіз, жалпы қажеттіліктің 15 пайызы. Қалған 85 пайызы сыртқы нарыққа тиесілі. 

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Көбінесе дәрі-дәрмек бізде мына Еуропа елдерінен, Ресей, сонымен қатар Үндістаннан да көптеген дәрі-дәрмек тіркелген. АҚШ біршама дәрі-дәрмек бар. 

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Дегенмен, дәріге мұқтаж мұқым елге мемлекет мезіреті мұнымен түгесілмейді. Әңгіме тегін таратылатын тауарлар туралы. Бүгінде 485 дәрілік зат бұқараға ақысыз беріледі. Билік биыл бұл үшін бюджеттен 226 млрд теңге қаржы бөлген. Алайда бұдан да пайда көрген пысықайлар бар екен. Жыл басынан бері тегін тауар үшін халықтан ақы алған 4000 жағдай тіркелген. 

Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz