Қарағанды облысының қала мен ауылдағы медициналық мекемелерге 207 маман қажет. Қазір «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы мен «Кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының» аясында маман тарту жұмысы жалғасып жатыр.
Сондай-ақ олардың кәсіби біліктілігін арттыруға да баса мән беріліп отыр. Тақауда облыс орталығында медицина қызметкерлерінің оқу-әдістемелік орталығы ашылды.
Медицина саласын маманмен қамту үшін әлеуметтік қолдау көрсетуге баса көңіл бөлініп отыр. Мысалы, шалғай ауылға барған жастарға үй, көтерме жәрдемақы және жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі. Былтыр өңірге 125 медицина қызметкері тартылды, соның 70-і ауылдық жерлерге жіберілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 63 маманға қолдау көрсетіліп, оларға 418 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Дегенмен мамандар әлі де жетіспейді.
Лейла Оспанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау саласына 207 маман жетіспейді. Соның 142-сі дәрігер, қалғаны орта медицина мамандары. Әсіресе анестезиолог-реаниматологтар, хирургтер мен педиатрлар, акушер-гинекологтар қажет.
Қызмет сапасын жақсарту үшін мамандармен қамтып қана қоймай, олардың біліктілігін арттыру да маңызды. Бұл ретте Қарағандыда жаңа медициналық оқу-әдістемелік орталық ашылды. Мұнда негізінен педиатрлар мен медбикелер, фельдшелер, сондай-ақ балалар стационарларының басшылары оқиды. Олар балалардың дені сау өсуі үшін қажетті күтім мен медициналық көмек көрсету бойынша біліктілігін арттырады.
Аяулым Дәрмен, фельдшер:
- Оқу орталығынан білім алдық. Білім деңгейімізді жоғарлаттық. Бүкіл балалардың реанимациясы, қарау барысы бойынша осы жердегі мұғалімдер өте білімді.
Өңірде «Кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы» қабылданған. Соның аясында медицина саласындағы нақты жетпей жатқан мамандарды оқытып, жұмысқа тартуға күш салынады. Мысалы биыл облыстың ауылдық жерлеріне 70 орта медицина маманын тарту көзделген. Жалпы облыстың денсаулық сақтау саласында 15 мың адам қызмет етеді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #медицина мамандары #тапшылық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz