Себебі жарты ғасыр бойы жаңармаған нысандар тозған.
Кейбір ауылда дәрігерлер жағдай жасалмаған ғимаратта тұрғындарды емдеп жүр. Мысалы, Шұбарқайың ауылындағы медициналық пункт әлі күнге пешпен жылытылатын ескі нысанды паналап отыр. Ал Самар ауданындағы 22 ауылдың тек біреуінде заманауи нысан салынған. Мәселе қашан шешілмек?
Миролюбов кентіндегі бұл ғимарат Самар ауданында кейінгі 30 жылда жаңадан салынған алғашқы денсаулық сақтау нысаны. Заманауи медпункттің осы жерде бойы көтеруі кездейсоқ емес. Елді мекен Бұқтырманың жағалауында орналасқан. Айналасы туристік аймақ. Жазғы маусымда мұнда күн сайын 2,5 мың адам демалады. Ал осынша адамға ескі нысан қызмет көрсете алмайды.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
- Біз сондықтан ауылдың жағдайын ойлап, мына туристер жағын ойлап, осы медпункт жаңадан салдық. Өздеріңіз көргендей, заманауи, енді туристер қай шетелден келсе де, біз ұялмай қабылдауымызға болады. Енді бізде тағы да 2-3 үлкен ауыл бар. Соларға біз медпункт салу туралы тағы да ойластырып жатырмыз.
Жаңа медициналық нысанның салынуын Шұбарқайың ауылының жұрты да асыға күтіп жүр. Ауылдықтар басы ауырып, балтыры сыздаса ем іздеп қуықтай ғана мына үйге келеді. 50 жыл бұрын салынған ғимарат тозып тұр. Қабырғалары сөгілген, жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Күніне үш мәрте от жағып отырмаса, азынап кететіні тағы бар. Медбике Гүлнар Оразғалиева осы жерде 35 жыл бойы науқастарды қабылдайды.
Гүлнар Оразғалиева, медбике:
- Шұбарқайың ауылы арқылы үлкен күрежол өтеді. Сондықтан көлік апаттары жиі болып жатады. Қажетті жабдықтардың жоқтығынан кейбір көмектерді көрсете алмай жатамыз. Тіпті бұл жерде аяғы ауыр әйелдерді босандырған кезіміз де болған.
Жергілікті тұрғындар бұл жерде тиісті көмек көрсетілмейді, тек ауырғанда келіп қаралып кетеміз дейді. Анализ тапсыру үшін ауданға барады. Себебі мұнда қажетті құрал-жабдық жоқ.
Людмила Михеева, Шұбарқайың ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде дәрі-дәрмек те жоқ. Бір дәрі алу үшін аудан орталығына бару керек. Осында тым болмаса қарапайым құрал-жабдықтар қойылса екен.
Өңірдегі өзге аудандардағы жағдай да дәл осындай. Денсаулық сақтау басқармасы мәселені кезең-кезеңімен шешеміз деп уәде берді. Соңғы екі жылда аймақтағы алыс ауылдарда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 36 медициналық пункт салынды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов
Тегтер #медициналық мекеме #ШҚО #елді мекенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz