RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде жыл сайын бес мыңға жуық әйелге сүт безі обыры диагнозы қойылады

01.03.2026, 09:54 31

Елімізде жыл сайын скрининг нәтижесінде 5 мыңға тарта әйелден сүт безі обыры анықталады. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. 

Өкінішке қарай, қатерлі ісік жасарып келеді. Әйткенмен Гүлбахарам Жетібаева сияқты білікті дәрігер көп. Антына берік ақ халатты абзал жандар әр науқаспен жеке жұмыс істеп, өмірін ұзартуға қолғабыс етеді. 

Гүлбахарам Жетібаева сәуірде 70-ке келеді. Соған қарамастан, тынымсыз жұмысын тоқтатпады. Күн сайын 25 әйелді қабылдайды. Қатерлі немесе қатерсіз ісікке шалдыққан аруларды аяққа тұрғызуға барын салады. 

Гүлбахарам Жетібаева, қалалық №8 емханасының маммолог дәрігері:

- Соңғы кезде жас әйелдерде де көп кездеседі. 70 жастан кейін, менопауза кезінде де анықталады. Өйткені гормон ұйықтай бастайды. Сол кезде әйелдер: «байқаусызда автобуста біреу сөмкесімен ұрып қалды», - дейді. Сол кезде қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Өйткені біз барлығымыз осы онкологиялық жасушамен туамыз. Алайда оның бәрі ұйықтап жатады. Оны ояту үшін қандай да бір риск болу керек.

Эндокриндік жүйе аурулары, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс те гормондық өзгерістерге әсер етеді. Сол себепті кешенді тексеруге салғырт қарамау керек. Гүлбахарам Жетібаева 40-тан асқан әйелдерге маммографиядан өтіп тұруға кеңес береді. Дерттің неғұрлым ерте анықталуы, нәтижелі емге себеп.

Назгүл Өмірғалиева, жалпы тәжірибелі дәрігер:

- Біз Гүлбахарам Қожақовнамен тығыз байланыстамыз. Скринингтен өткен пациенттерде сүт безі обыры анықталған кезде алғашқы белгілері бірге бақылап, емдейміз. Гүлбахарам Қожақовна өте білікті маман. Жұмыс өтілі көп. Әрқашан да көмегін беріп отырады. Пациенттерден де көп алғыс естиміз ол кісінің атына.

Сондай науқастардың бірі – Айдана Жеткергенова. 25 жасында сүт безінің ауырғанын сезінген. Көп ойланбай, дәрігерге жүгінеді. Қазір жағдайы оңалды.

Айдана Жеткергенова, тұрғын:

- Осы ауруханаға келіп жатқаныма бір ай болды. Бір айдың ішінде маған ем-шара жасады. Жіберетін жерлерге жіберіп, өте жақсы қарады. Емнің нәтижесі оңды болды. Қазір ештеңе мазаламайды. Осы маммолог дәрігеріме үлкен алғыс айтамын. Қыздарға беретін кеңесім ешқашан суық тигізбеңіздер. Ұрып алмаңыздар. Қазіргі ең таралған аурулардың бірі екен. Өзім зерттедім басыма түскен соң.

Гүлбахарам Жетібаеваның онкология саласында еңбек еткеніне 45 жыл болды. Уақыт өткен сайын медицина да дамып жатқанын айтады. Кейінгі 5 жылда науқастардың өмір сүру көрсеткіші 67 пайызға жеткен. Дертінен айыққан әйелдердің дәрігерге алғысы шексіз.

Гүлбахарам Жетібаева, қалалық №8 емханасының маммолог дәрігері:

- Әйелдердің: «Жақсы болып кеттім. Мен 100 пайыз емделдім, сіз емдегеннен кейін мен бала көтеріп, ана болдым. Баламды емізіп жатырмын» дегені – мен үшін ең үлкен бақыт. Сондай жақсы сөздерге біз де жасара береміз қайта. Әріқарай жұмыс істегіміз келеді. Сәуірде жасым 70-ке келеді. Соған қарамастан мен өзім әрі қарай оқи беремін. Жақында Германияға барып келдім.

Астанадағы №8 емханада сүт безі обырына шалдыққа 293 науқас есепте тұр. Гүлбахарам Жетібаева әрқайсысын біледі, бәрімен байланыста.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz