Раиса Биткова Атыраудағы славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Өзін осылай таныстырған ақжарқын әжей бізбен таза қазақша тілдесті.
Ол бүгінде нейрохирургия орталығына шипа іздеп келген. Осыған дейін екі операция жасалып, екеуінде де дертінен осында сауыққан. Орайы келген сәтті пайдаланып, алғыс айту күнінде ақ халаттыларға жылы лебізін жеткізді. Дәрігерлерге дән риза. Онысын жүзінен-ақ байқауға болады.
Раиса Биткова, емделуші:
- Иә, мен нейрохирургия клиникасында емделіп жатырмын. Бірінші рет 2021 жылы емдеуді бастадым. Гипофиза болды. Маған ота жасады. Өте тамаша шықты. Қазір емделуге келемін. Мында өте жоғары кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр. Ауыратын адамға өзінің ризашылығымен. Әжелерді, аналарды, әкелерді қарап жатқан, мың алғыс айтамын!
Раиса әжейдің жүзінен ауруға бой алдырмайтынын байқадық. Аурухана төсегінде жатса да, бізді жымиып, жылы қарсы алды. Дерт меңдеп, дауа іздегенде дәрігерге жүгінген жанның бірі – Ғалия Бөсекқызы. 76 жастағы кейуана Қостанайдан келіп емделіп жатқанын айтады. Бел омыртқадағы ауру меңдеп жүруден қалған. Нейрохирургия орталығының дәрігерлері жасаған отадан кейін, ауру азабынан айыққанын айтып, мұндағы ақхалаттыларға алғысын жаудырды.
Ғалия Бөсекқызы, емделуші:
- Мен нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін. Себебі мені жан шыдатпас аурудан айықтырды. Осы орталықтағы әр қызметкер өз жұмысын мінсіз атқарып жүр. Емдеуші дәрігерім Нұрлан Кенжеғұловқа, хирург Виктор Григоревичке шын жүректен зор алғыс айтамын.
Ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халаттылардың еңбегі өлшеусіз. Дертіне дауа тапқан жандар дәрігерлердің бәрі алғысқа лайықты дейді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Шырын Батырбекқызы, Нұрғали Мамырбаев
Тегтер #Ақхалаттылар #алғыс #аурухана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz