Қазақстанда шамамен 4 мыңға жуық адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж.
Оның 114-і Абай облысында тұрады. Дүниежүзілік бүйрек күніне орай Семей қаласында донорлар, реципиенттер және трансплантацияға кезек күтіп жүрген науқастардың қатысуымен арнайы кездесу өтті. Жиналғандар елдегі трансплантология саласының дамуы мен донорлық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Үржар ауданының тұрғыны Камалхан Әлмұхаметова бүйрек дертімен күрескен жандардың бірі. Алғаш рет 2012 жылы өзін жайсыз сезініп, дәрігерге қаралған. Нәтижесінде оған бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылды. Алты ай бойы диализге тәуелді болған әйелге 2013 жылы жақын туыстарының бірі бүйрек доноры болып, өмірін жалғады. Содан бері Камалхан Әлмұхамбетова дәрігерлердің бақылауында. Бір қызығы, бүгінде оның денсаулығын бақылап жүрген дәрігерлердің арасында кезінде өзі білім берген шәкірттері бар.
Камалхан Әлмұхаметова, Үржар ауданының тұрғыны:
- Мен бүкіл өмірімді мектепке, білім саласына арнадым. Өзімнің шәкірттерім бүгінде нефрология саласында менің емдеуші дәрігерлерім болып отыр. Маған екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін.Сондай-ақ үнемі көмек көрсетіп жүрген нефролог дәрігерлерге де үлкен ризашылығымды айтамын.
Бүгінде Семейде екі бүйрек орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 300-ден астам науқас тұрақты бақылауда, олардың саны жыл сайын артып келеді. Алқалы жиын барысында бүйректің ағзадағы қызметі, оның түрлі аурулары, сондай-ақ трансплантацияға дейінгі және кейінгі өмір жайында әңгіме қозғалды. Сонымен қатар, елімізде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Индира Әзімбаева, нефрологиялық орталықтың директоры:
- Жалпы бүйрек алмастыру терапиясы бар жалғыз орган. Яғни науқасқа донорлық бүйрек трансплантациясы қажет болса, ол бағдарламалық гемодиализде жүріп, трансплантация кезегін күте алады. Сондықтан Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту өте маңызды. Бұл көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Ғалия Әлібаева, трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші:
- Бүгінгі таңда Қазақстанда трансплантацияға мұқтаж 4506 адам бар. Оның ішінде 3958 адамға бүйрек трансплантациясы қажет. Ал олардың 94-і балалар. Бұл көрсеткіш елімізде бүйрек ауыстыруға мұқтаж науқастар санының өте көп екенін көрсетеді.
Сала мамандарының айтуынша, Қазақстанда 12 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа электронды түрде келісім берген. Дегенмен, соңғы шешім әрдайым марқұмның туыстарының рұқсатына байланысты болады. Дәрігерлер трансплантациядан кейін науқастарға денсаулығына мұқият қарап, қажетті ем-домды уақытында қабылдаудың маңызын еске салады. Бұл жаңа мүшенің ұзақ әрі тиімді қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #Қазақстан #бүйрек #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz