Елде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жетті. Бұл – осы аймақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
2023 жылдан бері ана өлімі – 35, ал сәбилердің шетінеуі 20 пайызға азайып, тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті. Мұны кеше Президент айтты. Осы орайда адам өміріне араша түсетін дәрігерлерлің еңбегін атап өткен жөн.
Шымкентте салмағы небәрі 650 грамм болатын шала туған шақалақтың көз жанарына күрделі операция жасалды. №2 қалалық аурухана базасының перинаталдық орталығында жоғары технологиялық операция сәтті өтіп, сәби туа бітті көз ауруынан толық айықты. «Операциядан кейін бала өмірге тез бейімделіп, қажетті салмақ жинай бастады», - дейді дәрігерлер.
Экстремалды төмен дене салмағымен дүниеге келген Аишаға «Шала туғандар ретинопатиясы» диагнозы қойылды. Бұл дерт дер кезінде емделмесе, нәресте көру қабілетінен мүлдем айырылуы мүмкін еді. Алайда заманауи технологиялар мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігі бұл қауіптің бетін қайтарды.
Айгүл Баймұрынова, қала тұрғыны:
- Окулистер көзі көрмейді деп бірінші 4-дәреже қойды. Осы екі айға толған кезде қойды. Сонымен оперция істейміз деді. Отадан кейін екінші күні қызым өз-өзіне келе бастады. Өздігінен демалып, жақсы көретіні, сезімталдығы байқалып жатты.
Бұған дейін мұндай күрделі операциялар республикалық орталықтарда ғана жасалатын. Бүгінде барлық босану үйінде медициналық көмектің үшінші деңгейі енгізіліп, шала туған нәрестелерді аман алып қалудың заманауи әдістері сәтті қолданыла бастады. Ауруханалар соңғы үлгідегі диагностикалық және хирургиялық аппараттармен жабдықталған.
Беркін Тұрқұлов, қалалық №2 аурухананың бас дәрігері:
- Уақыт бір орында тұрмайды. Жоспарымыз бар. Тағы да жүректің ішкі ағзаларының ақауымен туылатын балаларға көмек көрсету үшін қосымша құрал-жабдықтар алу жоспарымызда бар.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, былтыр қалада 2 мыңға жуық ана мерзімінен бұрын босанған. Шала туған нәрестелер жоғары технологиялық медициналық көмекпен қатар ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан неонатологтар мен хирургтарды емдеудің озық әдістеріне баулуға көңіл бөлінді.
Насиба Қорғанбаева, қалалық №2 аурухананың бөлім меңгерушісі:
- 999 граммға дейінгі 70 пайыз балаға күтім жасалады. Өмір сүріп жатыр солар. Көп қиыншылықтар болады. Сол қиындықтардың бәрінен өтіп, жылдан+жылға ол көрсеткіш көтеріліп келе жатыр. Сол кішкентай бөпелерімізді әлпештеп, аялап, баланы анасының қолына тапсырғанымызға дейін сол дәрежеге жеткізуге әрекет етеміз.
Емдеу мен оңалту шараларынан кейін Аишаның айы толып, анасымен бірге үйіне шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақталып, салмақ қосуы мен даму динамикасы бойынша оң нәтиже байқалды. Енді тұрғылықты мекенжайы бойынша емхана дәрігерлерінің бақылауында болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #нәресте #ем #Шымкент #дәрігерлер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz