RU
Толық нұсқаға өту

Елде 42 мың адамнан онкология ауруы анықталды

18.03.2026, 19:34 38

Обыр дерті дендеп тұр. Былтыр 42 мыңнан астам адамнан аты жаман ауру анықталды. Әсіресе әйелдер арасында өте өзекті. 

Мамандардың мәліметінше, сүт безіндегі қатерлі ісік, тоқ және тік ішек, өкпе обыры көбейген. Сол секілді инсульт та ел ішінде етек жайып барады. Өкінішке қарай, обыр дерті дендеп, инсульт меңдеп барады. Ең сорақысы, сырқат жыл санап жасарып келеді. Дегенмен құзырлылар қол қусырып отырған жоқ.

246 мың жан. Осынша адам үміт пен күдіктің ортасында күн кешіп жүр. Олардан аты жаман ауру анықталған. Дерті дендеп, кесел өн бойын меңдегендердің 56 пайызы еңбекке жарамды жандар.

Бейбіт Мұсабеков, Астана қалалық Көпсалалы медицина орталығының бөлім меңгерушісі:

- Жасына қарай сол 45-50 жастағылар сол көп болатын. Қазір осы сүт безі обыры кеңінен тарап жатыр. Қазіргі таңда осы күніне емханада қабылдау жүргіземіз. 25-30 жастағы науқастар өте көп келіп жатқандар. Ерте анықтау керек. Бізде сүт безінің обыры, қуық асты безі обыры, өкпе обырына байланысты скринингтер бар. Сол скринингтің пайда болуына байланысты адамдар ерте стадияда келіп жатыр.

Сырқаттану санының көбеюіне тұрғындардың скринингтен тұрақты өтуі де себеп көрінеді. Елде обырды ерте анықтау деңгейі 4%-ға көбейді. Айталық, аты жаман ауруға қарсы ем-дом жүргізетін 2 ұлттық және 20 өңірлік онкологиялық орталық жұмыс істейді. Нәтиже жаман емес. Онкологиядан болатын өлім 14%-ға төмендеді, ал науқастар арасында бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға дейін жетті. Бұл істе жасан инттеллектінің игілігі мол. Ақ халаттылар емдеу ісінде нейро желіні қолданып, жақсы мүмкіндікке ие болып отыр.

Әсел Ілиясова, Астана қалалық Көпсалалы медицина орталығының бөлім меңгерушісі:

- 2025 жылы көп салалы медициналық орталықта жасанды интеллекті енгізілді. Оның ішінде әр түрлі 19 медициналық мекеменің басын қосты. Жүйе диагноз қоюға көмектеседі. Жасанды инттеллект үлкен көлемдегі медициналық деректерді қысқа уақытта талдай алады. Бұл дәрігерлерге шешім қабылдауды жеңілдетеді. Біз өз жағымыздан ЖИ талдауынан кейін нәтижесін шығарамыз. 

Дегенмен жасанды интеллекті де жаңылады. Ақ халаттылар осылай дейді. Тіпті кейде қантамырларын қатерлі ісік деп танып, көрсететін кездер де кездеседі. Сол себепті ауру белгілерін чат джипитимен кеңесіп, ол тағайындаған ем-домды қолдануға болмайды. Сырқат сезілсе, міндетті түрде медицина мамандарына жүгіну керек.

Әсел Ілиясова, Астана қалалық Көпсалалы медицина орталығының бөлім меңгерушісі:

- Ақырғы уақытта көбінесе науқастар үйде отырып алып, жасанды интеллектке көп сенеді. Өздерінің шағымдарын жазады. Жауаптарын алады да, сол айтқан дәрілерін ішеді. Сонымен бірге көп қатерлі ісіктерді асқындырып алады. Қатерлі ісік болғанда бадтарды, дәрі-витаминдерді іше беруге болмайды. Ол үшін өз үйіңіздің жанындағы медициналық орталықтарға барып, дұрыс дәрігерге жазылып, зерттеу өткізілу керек. 

Инсультпен ауыратындар саны 5,6% көбейді

Былтыр 49 мың жан инсультқа шалдықты. Осылайша, сырқаттанушылар саны 5,6 пайызға өсті. Өкінішке қарай, ми қан айналымының бұзылуы бар науқастардың 12 пайызы қайтыс болады. Ең қиыны, ауру жасарып барады. Қазір кеселмен күресіп жүргендердің дені еңбек жасындағы жандар. Ал елде 85 инсульт орталығы бар. Мұндай медициналық мекемелерде де ауруды алдын ала анықтау үшін жасанды инттеллект қолданылып келеді.

Айдар Қасенов, ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті директорының орынбасары:

- «Церебра» – бұл отандық жасанды интеллектке негізделген бағдарлама. Ол контрастсыз компьютерлік томография суреттері арқылы инсультті жылдам анықтауға көмектеседі. Қарапайым тілмен айтқанда, жүйе ми суреттерін талдап, инсульт белгілерін тез анықтайды. Бұл өте маңызды. Ол 49 инсульт орталығында сынақтан өтіп, қазіргі таңда қолданылып келеді.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz