Отандық дәрігерлер Түркиядағы медицина орталықтарында тәжірибе жинап қайтты.
Екі ел арасындағы меморандум аясында Абай облысының 5 маманы Ыстамбұлдағы Анадолы ауруханасында біліктілігін арттырды. Олар бір апта бойы медициналық орталықта науқастарды қабылдап, заманауи емдеу тәсілдерін меңгерді.
Ыстамбұлға келген қазақстандық дәрігерлердің барлығы Семей қаласындағы медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдарының мамандары. Олардың қатарында травматолог, онкогинеколог және жалпы тәжірибе дәрігерлері бар. Ақ халаттылар бір апта бойы науқас қабылдаудан бастап, диагностика, емдеу, тіпті оңалтуға дейін толық жүйемен танысты. Заманауи медицинаның озық әдістерін меңгерді.
Гүлназ Дәуітбекқызы, Семей қалалық №7 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері:
- Бізге бұл клиника өте қатты ұнады. Тәжірибе алмастық. Дәрігерлердің қабылдауында болдық. Процедураларға қатыстық. Бізге ұнады. Біз өзіміздің Қазақстандағы Абай облысының әкімдігіне, әкіміне және денсаулық сақтау басқармасына алғысымыз шексіз.
Мамандардың айтуынша, медицинада мұндай тағылымдама тек теориямен шектелмей, тікелей тәжірибе арқылы біліктілікті жетілдіруге мүмкіндік береді. Әсіресе, онкологиялық аурулар жиі кездесетін Абай өңірі үшін бұл аса маңызды, дейді қазақстандық дәрігерлер.
Ернар Тоқтаров, травматолог:
- Біздің Абай облысы бұрынғы полигон сынақтарынан кейін онкологиялық науқастары көп аймақ болып табылады. Сондықтан біз үшін бұл өте бір үлкен тәжірибе, өте бір үлкен сабақ деп түсінемін.Ол жердегі тәжірибе алмасқанымыз бізге науқастың ауруханаға кіргеннен бастап, жазылып, сауығып, шығуына дейін, яғни қандай жағдай жасау керек оның бәрін көріп, біліп, таныстық. Бұл яғни біздің медицина тілімен айтқанда мультидисциплинарлы көзқарас.
Түркия тарапы екі ел арасындағы әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті. Бұл кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Фатих Бүнүл, Анадолы денсаулық орталығы директорының халықаралық қызметтер жөніндегі орынбасары:
- Қазақстандық әріптестерімізбен өткен тәжірибе алмасу өте мазмұнды әрі нәтижелі болды. Біз өз мүмкіндіктерімізді көрсетіп қана қоймай, болашақта бірлесіп жүзеге асыра алатын жобаларды да талқыладық. Алда ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейміз. Мұндай байланыс екі елдің осы саладағы серіктестігін кеңейтіп, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
Сапар соңында дәрігерлерге арнайы сертификат табысталды. Енді олар шетелде жиған тәжірибесін өз өңірінде енгізуге ниетті. Бұл аймақ медицинасының сапасын арттырып, онкологиялық науқастарға көрсетілетін қызметті жетілдіруге көмектеседі, дейді.
Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Қазақстан #Түркия #дәрігер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz