RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысындағы ауылдарда медициналық мекеме ашылды

19.04.2026, 17:08 42

Қарағанды облысы Нұра ауданының Кәрім Мыңбаев ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 

Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған амбулаторияда алғашқы медициналық көмек жан-жақты көрсетіледі. Жалпы ауданда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық  жобасымен екі жылда 10 нысан салынды. Қазір бұл ауылдарда маман тапшылығы жоқ.  Дегенмен Нұра кентінің орталық ауруханасында салалық дәрігерлер жетіспейді. 

Кәрім Мыңбаев ауылының дәрігерлері бұған дейін бейімделмеген ғимаратта отырды.  Оны пешпен жылытты. Қажетті  құрал-жабдық та жетіспеді. Науқастарды кейде аудан немесе облыс орталығына жіберуге тура келетін. Енді ауылда амбулатория ашылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.

Бағаш Әбілдабекова, Кәрім Мыңбаев ауылының тұрғыны:

- Медициналық амбулаторияның ауылымызда ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Көп жыл тостық. Заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Кабинеттері өте кең, жарық. 

Нұра ауданының  10 ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен  медициналық нысан салынды. Бұл ауыл халқына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігерлердің жұмыс жағдайын жақсартады. 

Орал Мәзитов, Нұра ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Біреуі осы ауылдағы дәрігерлік амбулатория. Ал Изенді, Байтуған, Мұзбел ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Тағы 6 ауылда медициналық пункт пайдалануға берілді. Қазір біздің медициналық нысандардың 76 пайызы заманауи талапқа сай жаңғыртылған.Аудан бойынша 25 ауылда медициналық нысан бар. Оларда маман тапшылығы жоқ. Ал аудандық ауруханаға кардиолог, офтальмолог және тері ауруларының дәрігері сынды салалық мамандар жетіспейді. «Оларды тарту үшін, баспана мәселесі шешілуі тиіс», - дейді жауаптылар. Мысалы, ауруханаға соңғы екі жылда 6 дәрігер мен 9 орта медицина қызметкері жұмысқа қабылданған. Жаңадан келген мамандар үшін 14 пәтерлі «Дәрігерлер үйі» салынған. Жайлы баспананың бірі жас маман ретіде Әнел Рахмберлинаға берілген.

Әнел Рахымберлина, акушер-гинеколог:

-  Мен Нұра кентіне былтыр қыркүйек айында жас маман ретінде келдім. Аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Жайлы баспана, әлеуметтік көтермеақы берді. Менің ойымша, ауылға жұмысқа келуден қорықпау керек. Жас мамандарға деген мемлекеттік қолдау жақсы. 

Былтыр 66 ауылда медициналық нысан салынды. Оның 51-і қайтарылған активтер есебінен бой көтерді. Бұл сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады.  Кадр мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Былтыр шалғай елді мекендерге келген 70 медицина маманы мемлекеттік қолдауға ие болды. Ауылға маман тарту жұмыстары биыл да жалғасады. 

Авторлары:  Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит



Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz