Шымкентте сирек кездесетін ми сырқатына күрделі операция сәтті жасалды.
41 жастағы әйелге «мойя-мойя» диагнозы қойылған болатын. Дәрігерлер сырқат асқынбай тұрып дереу емдеуге шешім қабылдады. Миға қан жеткізудің жаңаша әдісі арқылы күрделі ем-дом жасалды. Қазір тұрғын оңалту кезеңінен өтіп, үйіне шығарылды.
Шолпан Бейсенбиева сирек кездесетін ауруынан құлан-таза айықты. Операциядан кейін оның бас ауруы мен аяқ-қолының ұюы басылып, семіп қалған бет жүзіне қан жүрді. Ал дерт дер кезінде емделмесе мүгедектікке шалдығуы мүмкін еді. Дерігерлер жоғары технологиялық операцияның арқасында бұл қауіптің алдын алды.
Шолпан Бейсенбиева, қала тұрғыны:
- Январь айының соңына қарай бетім парализовать етті. Бір жақ бетім. Басымның қатты ауырғаны тоқтамады. Портал туралап, істеттім. Қазір жағдайым жақсы. Операциядан кейін бас аурулары болды шыдатпай. Бірақ алдыңғыдай ұйымайды.
Нейрохирургиялық орталықта жасалған операция үш сағатқа созылды. Дәрігер Еркін Медетовтың жетекшілігімен науқастың бас миына қан жеткізудің айналма жолы жүргізіліп, тарылған тамырдың қызметі қалпына келтірілді. Бұл заманауи әдіс оның қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік берді.
Еркін Медетов, нейрохирург:
- Бұл ауру өте сирек кездесетін аурулардың бірі. Жылына Шымкент бойынша 2-3 жағдай ғана тіркеледі. Бұрында бұл ауру емделмейтін аурулардың қатарынан болып саналатын. Сондықтан көп науқастар қайталанушы инсульттың әсерінен мүгедектікке немесе қайтыс болып кетіп жататын.
Былтыр Шымкентте 700-ге жуық нейрохирургиялық операция жасалды. Жоғары технологиялық оталар 70 миллион теңгеге дейін бағаланады. Алайда қала халқының 89% мұндай операцияларға, скринингтік тексерулер мен диагностикалық қызметтерге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» есебінен тегін қол жеткізе алады.
Сәуле Дүйсенбаева, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" филиал директоры:
- Шымкент қаласы бойынша жоғары технологиялық операциялар 1200 жасалған 2025 жылы. Бұған 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Қаламыздың кадрлық потенциялы және де материалдық-техникалық базасы, дәрігерлер біліктілігінің артуымен операциялар екі есе артып келеді жылдан жылға.
Биыл нейрохирургиялық орталықта жасалатын операциялар түрін көбейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта материалдық-техникалық база заманауи құрылғылармен толығып, мұрын арқылы мидағы ісіктерді алу және құрысу дертін емдеу әдістері енгізілмек.
Нұрсұлатан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #ми #операция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz