RU
Толық нұсқаға өту

Ағза трансплантациясына мұқтаждар артып барады

30.04.2026, 15:16 28

Елде ағза трансплантациясына мұқтаждар жылдан жылға артып барады.

Күту парағындағы науқастар 5 мыңға жуықтаған. Алайда азаматтардың дені донор болғысы келмейді. Тірі былай тұрсын, өлі адамның ағзасын алу мұң дейді мамандар. Марқұм тірі кезінде рұқсатын берсе де кейін туыстары қарсы болады екен. Салдарынан былтыр 90 адам кезегін күте алмай қайтыс болды.

Елде донордан дәмелі дімкәс көп. Бибігүл Жүкенова көп жылдан бері сондай науқастардың тізімінде болды. Ол бала кезінен өкпе ауруымен ауырған. Созылмалы бронхит ақыры асқынып, 2014 жылы дәрігерлер ауыр диагноз қойды. Кейіпкеріміз өз еркімен тыныс ала алмай қиналды. Алайда дер кезінде донор табылып, дертінен құлан таза айықты.

Бибігүл Жүкенова, қала тұрғыны:

- Оттегі концентраторына тәуелді болдым. Тіпті жүру қабілетінен айырылып, мүгедектер арбасына таңылдым. Мен де, дәрігерлер де жағдайдың ауыр екенін түсіндік. Бұлай ұзақ өмір сүре алмайтыным белгілі еді. Сол кезде донор табылды. Инсульттан қайтыс болған жас жігіттің анасы ағзасын алуға рұқсат берді. Өкпесі маған, ал жүрегі басқа бір жігітке салынды. Маған екі өкпені толық ауыстырып берді.

Бірақ мұндай бақ бәріне бірдей бұйыра бермейді. Марқұмның мүшесіне мұқтаждар жыл сайын 9 пайызға артып жатыр. Қазір 4600 науқасқа ағза трансплантациясы қажет. Оның 119-ы балалар. 4102 азаматтың бүйрегін ауыстыру керек. Бауырға мұқтаж 267 науқас бар. 198-і жүрек, 33 өкпе транплатациясын күтіп отыр.  

Ағза трансплантациясына мұқтаж − 4600 науқас

Бүйрек − 4102

Бауыр − 267

Жүрек − 198

Өкпе − 33

Өлінің ағзасы тіріге арман. Бір донор 5 адамға өмір сыйлай алады. Былтыр елде 186 марқұм ми өлімімен қайтыс болды. Демек, олар 900-ден аса дімкәстың ауруынан жаза алар еді. Алайда туысының донор болуына тек 18 отбасы ғана келісті. Мамандарың айтуынша, рұқсат алудың машақаты көп. Азаматтардың дені ағзасын беруге қарсы. Келесім берген күннің өзінде соңғы шешімді туыстары қабылдайды.

Назгүл Жилгельдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі орталық директорының орынбасары:

- Басқа елдерде келісім презумциясы не бас тарту презумпциясы бар. Тек бізде келісімін аламыз, одан тума туысынан тағы да сұраймыз. 18-ге толған адам келісімін беремін деп жазып кетсе, тума-туысы құқығын бұзады деп есептейміз біздер. Егер келісім беріп тұрса, неге тума-туыс бас тарту керек, келісімді жоққа шығару керек?

Өлінің ағзасын тірі бермей, талай науқас өмір көрмей кетті. Мысалы Асия Нұрәлиеваның 37 жастағы жиені бүйрек донорын таппай өмірден өтті. Ол бірнеше жыл бойы ол гемодиализге тәуелді болды.   

Әсия Нұрәлиева, қала тұрғыны:

- Гемодиализбен 4-5 жылдай жүрді. Донор табылған жоқ. 4 баласы болды. Балалары жас қалды. Посмретный болса да алып берсе, жақсы болар еді. Сол баланың өмірі сақталар еді. Живой донор табылмады. Адам шынымен қайтыс болып жатса, қарсы болмас едім. Бергені дұрыс.

Айта кетейік, биыл елде 77 ағза трансплантациясы жасалды. Оның 55-і тірі донор, 22-сі қайтыс болған донорлар арқылы болды. Мамандар кейінгі жылдары жағдай жақсара бастағанын айтады. Бірақ мәселе әлі өзекті. Азаматтар Е-Gov жүйесінде ерік білдіруіне мүмкіндік бар. Қазір 15 мыңдай адам келісім берген. Ал қарсы болғандар саны 140 мыңнан асады.

Бекзат Аманов, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz