RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда қызылша дерті өршіп тұр: 5 мыңнан астам жағдай тіркелді

04.05.2026, 12:57 23

2026 жылы Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны айтарлықтай өскені байқалады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының» мәліметінше, мамандар індеттің алдын алу шараларын күшейтуде, деп хабарлайды «24KZ».

Жыл басынан бері елімізде қызылшаның 5000-нан астам жағдайы ресми түрде тіркелді. Инфекцияның таралуын тежеу және халықты қорғау мақсатында денсаулық сақтау жүйесі шұғыл іс-қимылдарды қолға алуда.

Қызылша — ауа-тамшылары арқылы тез жұғатын ең қауіпті вирустық аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2025 жылы әлем бойынша бұл дертке шалдыққандар саны 247 мыңға жеткен.

Эпидемиологтар бұл жағдайды бірнеше фактормен байланыстырады:

  • Вакцинация деңгейінің төмендеуі;
  • Егуден бас тартатын ата-аналардың көбеюі;
  • Халықтың ішкі және сыртқы көші-қоны;
  • COVID-19 пандемиясы кезінде жоспарлы екпелердің кешігуі.

2025 жылдың соңында ауру деңгейі 7 есеге төмендегенімен, жыл аяғында қайта өрши бастады. Бұл ұжымдық иммунитетті тұрақты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Статистикаға сүйенсек, ауырғандардың 83%-ы — 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер, ал оның ішіндегі 70%-дан астамы — 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

Ең сорақысы, науқастардың 76,3%-ы егілмегендер болып шықты. Олардың басым бөлігі ата-анасының бас тартуы себебінен екпе алмаған.

Қазіргі таңда Астана, Алматы қалалары мен бірқатар өңірлерде жағдай әлі де күрделі.

Инфекцияның алдын-алу үшін мемлекет тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  1. Балаларды жоспарлы түрде егу.
  2. 6–11 айлық нәрестелерге қосымша екпе салу.
  3. 2-5 жас аралығындағы балаларға «тазарту» вакцинациясы.
  4. Жасөспірімдерге арналған «қуып жету» иммунизациясы.
  5. Медицина қызметкерлерін қайта егу.

Қызылша тек бөртпе емес, ол пневмония (өкпе қабынуы), отит (құлақ ауруы) және энцефалит (ми қабынуы) сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Алайда бұл дерттің алдын алудың жалғыз және ең тиімді жолы - уақытылы вакцинация жасату.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz