Бала құлағы ересектерге қарағанда сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен жылдам қабынуға бейім. Мамандардың айтуынша, бұған 15 жасқа дейін қалыптасатын бас сүйек анатомиясының отоларингологиялық ерекшеліктері себеп. Сол үшін әрбір ата-ана балаларда жиі кездесетін құлақ ауруларының түрлерін білуі тиіс. Мысалы, құлақ қалқанының ісінуі қабынған перихондрит немесе отогематомадан хабар берсе, құлақ терісінің микрожарақаттары бактериялық сыртқы отитке әкеледі, деп хабарлайды «24KZ».
Астана қалалық №2 балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғмановтың айтуынша:
Баланың құлағында құлықтың (құлақ кірінің) шамадан тыс жиналуы тек гигиенаның нашарлығынан емес, оның күнделікті тамақтану рационынан болады. Бала неғұрлым тәттіні көп жеген сайын, оның құлағында құлық соғұрлым көп жиналады. Бала ауырып тұрған кезде оның мәзірінен тәтті өнімдерді толықтай алып тастауды, ал жазылғанға дейін мүлдем бермеу керек.
Сонымен қатар, қарапайым ОРВИ (тұмау) кезінде мұрын қуысы мен есту түтігі қабынып, инфекция құлаққа тез өтетінін айтады.
Құлақ ауруының алдын алу үшін ең бірінші мұрынды дұрыс емдеу керек. Баланың құлағына су кіруі қауіпті емес, өйткені құлақ жолы пердемен жабық тұрады. Бірақ іште құлық жиналып қалса, су тигенде ол ісініп, құлақты бітеп, ауырсыну тудырады.
Ата-аналар тарапынан жіберілетін басты қателік -халық емін қолдану (жылыту, шөп қою) және құлақты арнайы мақта таяқшаларымен тазалау. Бұл әдістер өте қауіпті. Анатомиялық тұрғыдан құлақты тек кішкентай саусақпен ғана жуу керек, ал қажет болса дәрігер нұсқаған арнайы тамшыларды қолданған жөн.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының 7%-ы есту қабілетінің бұзылуынан зардап шегеді. Ал елімізде 20 мыңға жуық адам осы мәселемен есепте тұрса, оның 6 121-і - балалар. Құлақ ауруларының алдын алу үшін баланың ұйқысы мен тамақ режимін сақтап, иммунитетін көтеру, антибиотиктерді шамадан тыс қолданбау және міндетті түрде уақытылы (туғанда, 3 айында, 1, 2, 3, 6 жаста) медициналық скринингтен өткізу қажет.
Тегтер #құлақ ауруы #отоларингология #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz