Қазақстанда балалардың жаз мезгіліндегі денсаулығын қорғауға бағытталған «Салауатты жаз» профилактикалық науқаны басталды, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бағдарлама жаз маусымы бойы жалғасады. Науқан аясында балаларды медициналық тексеруден өткізу, ағартушылық жұмыстар жүргізу, мектеп медицина қызметкерлерін оқыту және өзге де профилактикалық шаралар қарастырылған.
Осы мақсатта өңірлер мен ауылдық елді мекендерге педиатр, офтальмолог, стоматолог, хирург және өзге де мамандардан құралған жылжымалы медициналық кешен жіберіледі.
Сонымен қатар уақтылы медициналық тексеруден өтпеген балалар үшін қосымша қабылдаулар ұйымдастырылып, емханаларда «Ашық есік күндері» мен «Денсаулығыңды тексер» акциялары өткізіледі. Созылмалы ауруы бар балаларға ерекше назар аударылып, оларға қажетті сауықтыру шаралары мен тұрақты медициналық бақылау қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мектеп жанындағы және жазғы лагерьлерде жүргізіледі. Ата-аналарға балалардың денсаулығын сақтау, инфекциялық аурулардың алдын алу және қауіпсіздік бойынша ақпараттық материалдар ұсынылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Салауатты жаз #балалар денсаулығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz