Ұлытау облысының Кеңгір ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Жобалық құны 416 млн теңге болатын нысан қайтарылған қаржы есебінен салынды.
2 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде осыған дейін мұндай емдеу мекемесі болмаған. Енді ауылдағы ағайын облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домын үй маңынан алады. Ол үшін жаңа ғимаратта барлық жағдай жасалған. Жалпы өңірде қайтарылған активтер есебінен 10 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылып отыр. Соның тең жартысы медицина саласына тиесілі. Кеңгір ауылынан бөлек шалғайда жатқан 6 елді мекенде дәл осындай денсаулық сақтау мекемесі салынды.
Бибігүл Үсембаева, емхана директоры:
- Емдеу мекемесі 45 кабинеттен тұрады. Мұнда жергілікті тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Инсульт пен инфаркт алған пациенттерге жедел қолдау көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Бақытгүл Әлиева, Кеңгір ауылының тұрғыны:
- Бұрын қалаға сабылып жүретін едік. Арамызда қарттар, жүріп-тұруы қиын науқастар бар. Соған қарамастан, емделу мен анализ тапсыру үшін қалаға қатынауға мәжбүр болатынбыз. Ал қазір өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасалғаны үшін барша халықтың атынан үлкен алғыс айтамын!
Тегтер #Ұлытау облысы #емдеу мекемесі #ДенсаулықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz