Көктемнің аяғы, жаздың басында жұрттың біразын аллергия шаршатады. Тіпті мұндай адамдар қатары жыл сайын көбейе бастаған.
Оның бір дәлелі - зертханаларға сынақ тапсырушылар қатары екі есе артқан. Жалып аллергияға ем жүрмейді дейтін. Алайда отандық ғалымдар жусан тозаңына қарсы жаңа препарат ойлап тапты. Алғашқы сынақ нәтижесіз емес.
Мамыр, маусым айлары - өсімдіктің белсенді тозаңданатын кезеңі. Дәл осы уақытта ауаға көп мөлшерде тозаң тарап, бұл кейбір адамдарда аллергиялық ренит немесе коньюктивит белгілерін тудырады. «Созылмалы дерт адамның өмір сүру сапасын төмендетеді», - дейді дәрігерлер. Соңғы уақытта жасыл желекті Алматыда маусымдық аллергиямен ауыратындардың саны артқан.
Дәрігерлер аллергияның айқаспалы реакциясы бар екенін ескертеді. Мысалы, қайың тозаңына аллергиясы бар адамдарда алма, киви немесе кейбір көкөністерге де жағымсыз әсер пайда болуы мүмкін. «Ең дұрысы, уақыт оздырмай міндетті түрде диагностикадан өту маңызды», - дейді мамандар.
Оксана Усенова, аллерголог-иммунолог дәрігер:
- Негізгі аллерген ақуызының құрылымы кейбір тағамдардағы ақуыздардың құрылымына ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан ағза оларды да аллерген ретінде қабылдайды. Мысалы, қайың тозаңына аллергиясы бар адамдарда алма, киви, балдыркөк, қара бұрыш және қышаға реакция пайда болады. Егер науқастың жұтынуы қиындап, тілінің ісінгені сезілсе, іші ауырып немесе терісі қышыса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Себебі көмей тұсы тез ісіп кетеді.
Төсекке таңбаса да, мазаны қашыратын аурудан құтылатын күні алыс емес. Отандық ғалымдар жаңа препарат жасап шығарды. Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында әзірленген жусан тозаңына қарсы препарат қазір клиникалық сынақтан өтуде. Бірінші кезеңде отандық препарат 30-дан астам ерікті азаматқа егілді. Мамандардың айтуынша, емдеу барысында науқастарда жанама әсер байқалмаған. Екінші сынақ кезеңінде 138 адамды қамту жоспарланып отыр.
Қайсар Табынов, ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры:
- Вакцинаның негізгі ерекшелігі – қазіргі нарықтағы вакциналармен салыстырғанда оның құрамында аллерген табиғи аллерген емес. Бұл толығымен синтетикалық жолмен алынған аллерген. Соған байланысты оның аллергендігі әлдеқайда төмен. Көп препараттарды қыс уақытында пайдаланса, біз оны қазіргі уақытта пайдалана аламыз. Ең басты ерекшелігі – осы. Екіншіден, оның құрамында иммунитетті үдететін қоспамыз бар. Бұл қоспа басқа ешбір аллергиялық вакцинаның құрамында жоқ.
Отандық жаңа препарат жусан тозаңына қарсы және клиникалық зерттеуге шыққан дүниежүзіндегі алғашқы вакцина. Келесі жылы сынақтың үшінші кезеңінен өтеді. Сәтті болса, өндіріске жіберіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #препарат #дәрі дәрмек #Таңдаулы #сынақ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz